Құрылтайдың басты ерекшелігі – ел өміріне қатысты маңызды мәселелерді ашық талқылап, қоғамның түрлі әлеуметтік топтарының пікірін ортаға салуға мүмкіндік беруінде. Сондықтан Құрылтай сайлауы – жай ғана өкіл таңдау емес, елдің болашағына қатысты ортақ жауапкершілікті сезінудің көрінісі. Сайланған азаматтар халықтың аманатын арқалап, қоғамның өзекті мәселелерін батыл көтеріп, нақты ұсыныстар енгізе білуі керек. Бүгінде қоғамның талап-тілегі де, елдің алдында тұрған міндеттер де өзгеріп келеді. Осы тұрғыдан алғанда, Құрылтайдың жұмысы азаматтардың үнін естіп, түрлі көзқарастарды бір арнаға тоғыстыруға мүмкіндік беретін маңызды қоғамдық диалог алаңы ретінде бағаланады. Мұнда айтылған әрбір ұсыныс пен пікір елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, қоғамдық келісімнің нығаюына және азаматтық белсенділіктің артуына бағытталуы тиіс. Құрылтай құрамына сайланатын азаматтар ең алдымен елдің мұң-мұқтажын түсінетін, халықпен етене араласатын, өз саласында тәжірибесі мен қоғамдық беделі қалыптасқан тұлғалар болғаны маңызды. Себебі халықтың сенімін арқалау – үлкен жауапкершілік. Өкілдер өзіне берілген мүмкіндікті жеке мүддеге емес, елдік мәселелерді шешуге, қоғамның ортақ мүддесін қорғауға бағыттауы қажет. Әсіресе білім, денсаулық сақтау, жастар саясаты, жұмыспен қамту, әлеуметтік қолдау, өңірлерді дамыту, қоршаған ортаны қорғау сияқты қоғам үшін маңызды бағыттар тұрақты назарда болғаны жөн. Бұл мәселелерді талқылау барысында әр өңірдің ерекшелігі мен тұрғындардың нақты қажеттіліктері ескерілгені дұрыс. Меніңше, Құрылтайдың тиімділігі оның құрамындағы азаматтардың белсенділігімен ғана емес, көтерілген мәселелердің нақты шешімдерге ұласуымен өлшенеді. Сондықтан сайланған өкілдер халықпен тұрақты байланыс орнатып, елдің ұсыныс-тілектерін жүйелі түрде жеткізіп отыруы керек. Сонда ғана Құрылтай қоғам мен мемлекет арасындағы сындарлы диалогты күшейтіп, елдің болашағына қатысты маңызды бастамалардың жүзеге асуына ықпал ететін тиімді алаңға айналады.
Талғат ИСКАКОВ, Шымкент қалалық мәслихаттың депутаты, «БалТекстиль» компаниясының құрылтайшысы
