Бүгін таңертеңнен Шымкенттің әр бұрышын күмбірлеген домбыра үні тербеді. Ұлттық домбыра күніне арналған «Домбыра – ұлттың үні, Конституция – елдің тірегі» атты мерекелік шара домбырашылар шеруімен басталып, қаланың қоғамдық орындарында жалғасын тапқан болатын. Ұлттық өнерді ұлықтаған шеру Shym City саябағына жетіп, кешкісін ауқымды мерекелік концертке ұласты.
Қала тұрғындары мен қонақтары жиналған саябақта қазақтың күй өнері мен халық әндері шырқалып, ұлттық рухты дәріптеген мәдени кеш өтті. Биылғы мерекенің мазмұнын тереңдете түскен тағы бір жайт, Ұлттық домбыра күні Конституцияның күшіне енуімен тұспа-тұс келуі.
Жиналған қауымды мерекемен құттықтаған қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек домбыраның қазақ халқы үшін тек музыкалық аспап емес, ұлттың рухани жадын сақтап келе жатқан қастерлі мұра екенін атап өтті.
– Домбыра – халқымызбен бірге ғасырлар бойы жасасып келе жатқан қасиетті аспап. Оның үнінде қазақтың тарихы, тағдыры, қуанышы мен қайғысы жатыр. Бүгінде ұлттық қорымызда 10 мыңнан астам күй сақталған. Әр күй – өткеніміздің шежіресі. Ерлік пен елдікті, қуаныш пен қайғыны, азаттыққа деген ұмтылысты күй арқылы ұрпақтан ұрпаққа жеткізген халықтың рухы домбыра үнінде сақталған. Қадыр Мырза Әлінің «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» дегенде біз осы қазақтың бойындағы барлық мінезді домбыраның қоңыр үнінен ести алатынымызды айтса керек. Биыл бұл мерекенің мәні өзгеше, наурыз айында жалпыхалықтық референдумда қабылдаған конституция 1 — шілде күні өз күшіне енді. Ал жаңа Конституция ұлттық құндылықтарды сақтауға, ғылым мен білімді дамытуға айрықша мән береді. Сондықтан бұл мереке – домбыраны ұлықтау ғана емес, ұлттық мұраны қорғауға деген ортақ жауапкершілігіміздің көрінісі, – деді ол.
Кештің шымылдығын Санат Әбілхан жетекшілік ететін «Қаратау» фольклорлық ансамблі Бауыржан Ақтаевтың «Арнау» шығармасымен ашты. Концертте Құрманғазының «Байжұмасы», Кетбұғаның «Ақсақ құлан» күйлері орындалып, «Бабалар мекені – Алтай», «Домбыра туралы баллада», «Мен де бір қазақпын» әндері шырқалды. Сондай-ақ халық әндері «Жариям-айдай» мен «Ахау, керім» орындалып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Концертті тамашалаған қала тұрғындарының алған әсерлері ерекше. Олар демалыс күндерінің осындай мазмұнды мәдени шаралармен өрілгеніне ризашылықтарын білдіріп жатты.
Домбыраның қоңыр үні кеш бойы саябақты тербеп, ұлттық өнердің ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын өміршең мұра екенін тағы бір мәрте сезіндірді.
