Елдегі халық санының тұрақты өсуі әлеуметтік салаларға, соның ішінде денсаулық сақтау жүйесіне қойылатын талаптарды арттырады. Халық саны көбейген сайын медициналық қызметке деген сұраныс та артып, медициналық ұйымдардың мүмкіндігі мен инфрақұрылымын заман талабына сай жетілдіру қажеттілігі туындайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында денсаулық сақтау инфрақұрылымын жүйелі әрі жедел дамытудың маңыздылығына ерекше тоқталды. Президент атап өткендей, халық санының қарқынды өсуі жағдайында медициналық инфрақұрылымды дамыту – уақыт күттірмейтін маңызды міндет.
Денсаулық сақтау саласының дамуы тек медициналық ұйымдардың санымен ғана өлшенбейді. Ең бастысы – әрбір азаматтың сапалы медициналық көмекке уақтылы қол жеткізуі. Сондықтан инфрақұрылымды дамыту, қызмет көрсету сапасын арттыру және саланың әлеуетін күшейту өзара сабақтас жүзеге асуы тиіс.
Президент Жолдауында белгіленген бұл міндеттер халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға, денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығын нығайтуға және болашақ ұрпақтың саулығын қамтамасыз етуге бағытталған.