• Вт. Авг 11th, 2026
Популярные метки

АЭС ЖӘНЕ РАДИАЦИЯЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК: ҚАЗАҚСТАН МАМАНДАРДЫ ҚАЛАЙ ДАЯРЛАП ЖАТЫР?

Автор:admin

Авг 11, 2026

Қазақстанда атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану мәселесімен қатар радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге де ерекше мән берілуде. Бұл бағытта радиациялық бақылау, персонал мен халықты қорғау, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және атом саласына қажетті білікті кадрларды даярлау жұмыстары қатар жүргізілуде.

Атом энергиясы мен иондаушы сәулелену көздері медицинада, өнеркәсіпте, ғылымда және басқа да салаларда кеңінен қолданылады. Сондықтан радиациялық қауіпсіздік – тұрақты бақылауды, заманауи қорғаныс жүйелерін және кәсіби даярланған мамандарды қажет ететін кешенді жүйе.

АЭС-тің маңызы

Қазақстан электр энергиясына деген сұраныстың өсуіне байланысты энергетикалық қуаттарды әртараптандыру міндетін шешуде. Қазіргі таңда электр энергиясының басым бөлігі көмір, газ және мазут пайдаланатын жылу электр станцияларында өндіріледі. Осы тұрғыдан алғанда атом энергетикасы тұрақты электр энергиясын өндірудің бір бағыты ретінде қарастырылады.

Қазақстан ядролық қарудан бас тартып, ядролық қауіпсіздік пен ядролық материалдарды бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы бірқатар халықаралық келісімдерге қосылды. Семей ядролық сынақ полигоны 1991 жылы жабылды.

Әлемдегі алғашқы атом электр станциясы 1954 жылы Обнинск қаласында іске қосылды. Бүгінде атом энергетикасы ондаған мемлекетте қолданылады. Қазақстанда да атом энергетикасын дамыту мәселесі қарастырылуда.

Бақылау – қауіпсіздіктің негізі

Қазақстанда атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік саясат пен реттеуді ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі жүзеге асырады. Ал мемлекеттік қадағалау мен бақылауды Агенттіктің Атомдық қадағалау және бақылау комитеті жүргізеді.

Қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды элементтеріне лицензиялау, радиациялық бақылау, иондаушы сәулелену көздерін есепке алу, персоналды даярлау, радиоактивті қалдықтармен қауіпсіз жұмыс істеу және төтенше жағдайларға дайындық жатады.

Радиациялық бақылау қызметкерлердің жеке дозаларын, жұмыс орындарындағы сәулелену деңгейін, жабдықтар мен қоршаған ортадағы радионуклидтер мөлшерін тұрақты бақылауды қамтиды. Оның негізгі мақсаты – радиациялық жағдайдағы өзгерістерді дер кезінде анықтап, қажетті қорғаныс шараларын қабылдау.

Қазақстандағы маңызды ғылыми нысандардың бірі – Ядролық физика институтындағы ССР-Қ зерттеу реакторы. Ол 1967 жылдан бері жұмыс істеп келеді және ғылыми зерттеулермен қатар медицина мен өнеркәсіпке қажетті радиоизотоптар өндіруге пайдаланылады.

Персонал мен халықты қорғау

Радиациялық қорғаныс сәулелену дозаларын шектеу және радиациялық әсерді мүмкіндігінше төмен деңгейде ұстау қағидаттарына негізделеді.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қорғаныс тосқауылдары, қашықтан басқару жүйелері, желдету, сигнализация, қолжетімділікті бақылау және басқа да инженерлік-техникалық шешімдер қолданылады. Сонымен қатар персонал төтенше жағдай кезіндегі іс-қимыл тәртібін білуі және тұрақты оқу-жаттығулардан өтуі тиіс.

Қауіпсіздік мәдениеті де ерекше маңызды. Әрбір қызметкер қауіпсіздік талаптарын сақтап, анықталған кемшіліктер туралы дер кезінде хабарлай білуі қажет.

Мамандарды даярлау – басты бағыт

АЭС пен атом энергетикасының қауіпсіз жұмыс істеуі ең алдымен білікті мамандарға байланысты. Алдын ала есептеулер бойынша қуаты 1200 МВт болатын екі энергоблоктан тұратын АЭС үшін шамамен 1800 маман қажет болуы мүмкін. Оның ішінде 1400-ге жуық жедел персонал және атом саласында жоғары білімі бар 400 қызметкер қажет.

Қазақстанда атом саласына кадр даярлау жұмыстары 2011 жылдан бері бірқатар жоғары оқу орындарымен бірлесіп жүргізіліп келеді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, С. Аманжолов атындағы ШҚУ және Д. Серіков атындағы ШҚТУ базаларында ядролық физика, ядролық энергетика және оған қатысты бағыттар бойынша мамандар даярланады.

2023 жылдан бастап Ядролық физика институтының бастамасымен ҚазҰУ базасында «Ядролық инженерия» білім беру бағдарламасы әзірленді. Студенттер теориялық біліммен қатар ССР-Қ зерттеу реакторында практикалық және зертханалық сабақтардан өтіп, Институт базасында кәсіби тәжірибе жинақтай алады.

Ядролық физика институтында радиациялық, ядролық және экологиялық қауіпсіздік бағыттарында мамандар даярлайтын оқу орталықтары жұмыс істейді. Олардың бірқатары Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) қолдауымен құрылған.

2026 жылдың соңына қарай Институт базасында шағын модульдік реактор симуляторын іске қосу жоспарлануда. Бұл болашақ мамандардың практикалық дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді.

Қорыта айтқанда, Қазақстанда атом энергетикасын дамыту тек энергетикалық қуат мәселесімен шектелмейді. Оның маңызды құрамдас бөлігі – радиациялық қауіпсіздіктің сенімді жүйесін қалыптастыру және осы салада кәсіби мамандар даярлау. Бұл бағыттағы ғылыми база, жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық және халықаралық тәжірибе Қазақстанның атом саласындағы кадрлық әлеуетін қалыптастыруға негіз болады.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *