Шымкент қаласындағы әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадасында «Авиценна» атындағы жоғары медициналық колледжінің студенттері үшін ашық есік күні өтті.⠀
⠀
Экскурсия барысында студенттер көптеген жаңа әрі пайдалы мәліметтермен танысты. Әскери бөлімнің басшылығы әскери қызметшілердің күнделікті тыныс-тіршілігін көрсетті. Іс-шара бағдарламасы әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлеріндегі қызметтің негізгі бағыттарын жан-жақты қамтыды.⠀
Қонақтарға бақылау-өткізу пункті, саптық алаң көрсетіліп, әскери қызметтің атқарылу тәртібі түсіндірілді. Студенттер казарма ғимараттарын, оқу сыныптарын аралап, қару-жарақ үлгілерімен және оларды пайдалану ережелерімен танысты, сондай-ақ әскери киім үлгілерін көрді.⠀
Қатысушыларға ерекше әсер қалдырған сәттердің бірі – қаруды қолмен ұстап көріп, оны бөлшектеу мен жинақтауды өздері орындау мүмкіндігі болды.⠀
– Бүгін біз колледж студенттерімен бірге әскери бөлімге танысу мақсатында келдік. Бұл сапар өте танымдық болды, себебі біз бөлімнің тыныс-тіршілігімен танысып, сарбаздардың күнделікті өмірін көрдік. Армия – шыдамдылық пен тәртіптің нағыз мектебі, ол әрбір жас үшін үлкен тәжірибе береді, – деді «Авиценна» атындағы жоғары медициналық колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айнур Жандарбаева.⠀
Іс-шара соңында қонақтар сарбаздар асханасында түскі ас ішті. Бұған дейін оларға тағамдардың қандай өнімдерден дайындалатыны және әскери қызметшілердің ас мәзірі қалай жасақталатыны көрсетілді.⠀
Заманауи әскери қызмет жағдайлары студенттерді өзінің ұқыптылығымен және жайлылығымен жағымды таңғалдырды. Отан қорғаушы мамандығы туралы жарқын әсерлер адам жадында ұзақ сақталып, патриоттық рухтың, жауапкершілік пен азаматтық ұстанымның қалыптасуына ықпал етеді.⠀
