Созақ аудандық орталық кітапханасында Түркістан облыстық ардагерлер ұйымдарының жұмысына мониторинг жүргізу, олардың атқарған жұмыстарын саралау және алдағы кезеңге арналған даму жоспарын талқылау мақсатында семинар-кеңес өтті.
Тағылымды басқосуға аудан көлеміндегі бастауыш ардагерлер ұйымдарының төрағалары, «Әкелер мектебінің» жетекшілері, «Әжелер алқасының» төрайымдары мен мүшелері, білім беру ұйымдарының тәрбие ісі жөніндегі директор орынбасарлары, қоғамдық ұйым өкілдері және белсенді жастар қатысты.
Жиынды Созақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов ашып, жүргізді. Ол өз сөзінде ардагерлер ұйымдарының қоғамдағы орны мен маңызына тоқталып, аға буын өкілдерінің ел бірлігін сақтау, қоғамдық келісімді нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және жас ұрпақ тәрбиесіне бағытталған жұмыстарға белсенді араласып келе жатқанын атап өтті.
Сонымен қатар жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған міндеттер, оның ішінде өскелең ұрпақтың тәрбиесі, ұлттық рухты қалыптастыру, отбасы құндылықтарын сақтау және қоғамның рухани дамуына үлес қосу бағытындағы жұмыстардың маңыздылығы кеңінен сөз болды.
Семинар-кеңестің кіріспе сөзін Түркістан облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Бақытжан Раманқұлов сөйлеп, облыс көлеміндегі ардагерлер ұйымдарының бүгінгі тыныс-тіршілігіне тоқталды. Ол ардагерлер кеңесінің қоғамдық өмірдегі белсенділігіне, әлеуметтік бастамаларға қатысуына, жастармен жұмыс жүргізу бағытындағы тәжірибесіне және алдағы уақытта жүзеге асырылатын негізгі міндеттерге кеңінен тоқталды.
Баяндамашы ардагерлердің тек өткенді насихаттаушы емес, қазіргі қоғамның тұрақтылығы мен рухани дамуына үлес қосып жүрген белсенді азаматтар екенін атап өтті. Сондай-ақ бастауыш ардагерлер ұйымдарының жұмысын жетілдіру, олардың қоғамдық бастамаларын қолдау және жастармен байланысты одан әрі күшейту қажеттігін жеткізді.
Өз кезегінде аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов сөз сөйлеп, ардагерлердің қоғамдағы беделі мен өнегелі еңбегіне ерекше тоқталды. Ол аға буын өкілдерінің өмірлік тәжірибесі мен ақыл-кеңесі кейінгі ұрпақ үшін үлкен тәрбие мектебі екенін атап өтті.
– Ардагерлер – ел тарихының тірі куәсі, ұрпақ тәрбиесінде бағыт-бағдар беретін үлкен күш. Сіздердің өмір жолдарыңыз бен еңбектеріңіз жастарға үлгі. Қоғамдағы татулық пен бірлікті сақтауға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге қосып жүрген үлестеріңіз үшін алғыс білдіреміз. Аға буынның ақыл-кеңесі әрдайым маңызды, – деді Серік Маманов.
Жиын барысында Созақ ауданының Құрметті азаматы Бүркіт Арынбеков, Анарбай Шәдібеков және ардагер Садық Әбдірашұлы сөз алып, ұрпақ тәрбиесі, елдік құндылықтарды сақтау, жастардың бойына отансүйгіштік пен еңбекқорлық қасиеттерін қалыптастыру бағытында өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Қатысушылар ардагерлер ұйымдарының жұмысын жандандыру, қоғамдық бастамаларды қолдау, жастармен байланысты нығайту, отбасы институтының беделін арттыру және ұлттық тәрбие бағытындағы жұмыстарды күшейту мәселелері бойынша пікір алмасты.
Сондай-ақ жиында «Әкелер мектебі» мен «Әжелер алқасының» қоғамдағы тәрбиелік рөліне ерекше назар аударылды. Аталған қоғамдық құрылымдардың бала тәрбиесіне араласуы, отбасылық құндылықтарды насихаттауы және жас отбасыларға бағыт-бағдар беруі маңызды екені айтылды.
Басқосу барысында қатысушылар тарапынан бірқатар ұсыныстар айтылып, ардагерлер ұйымдарының алдағы жұмысының тиімділігін арттыру жолдары талқыланды. Әсіресе жастар арасында ұлттық салт-дәстүрді дәріптеу, тарихи тұлғалардың өнегелі жолын насихаттау және қоғамдық белсенділікті арттыру бағытындағы бастамаларға басымдық беру қажеттігі атап өтілді.
Жиын аясында Созақ аудандық орталық кітапханасы ұйымдастырған кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеге ел тарихы, ұлттық мәдениет, рухани мұра, көрнекті тұлғалардың өмірі мен еңбектерін қамтитын құнды әдебиеттер қойылды.
Кітап көрмесі қатысушылардың қызығушылығын тудырып, ұлттық мұраны насихаттауда кітаптың маңызды құрал екені атап өтілді.
Шара соңында аудан қариялары мен әжелерінің қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйланды. Өнерпаздар ұлттық әндер орындап, қатысушыларға рухани әсерлі сәттер сыйлады.
Семинар-кеңес қорытындысында ардагерлер ұйымдарының жұмысын одан әрі дамыту, аға буын мен жастар арасындағы байланысты нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігі айтылды.
Тағылымды басқосу ұрпақтар сабақтастығын сақтауға, ардагерлердің қоғамдағы белсенділігін арттыруға және рухани құндылықтарды насихаттауға бағытталған маңызды шаралардың бірі болды.
