Алматы қаласындағы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде «Қазіргі заман батырлары» атты акция өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – бейбіт уақытта ерлік көрсеткен Ұлттық ұлан әскери қызметшілерін ұлықтау және қоғамға қызмет етудің маңызын насихаттау.
Осы ретте кездесуге ерлігі ел есінде қалған майор Жандос Баянбаев, аға сержант Өркен Мәжіт және қатардағы жауынгер Төленби Әбілда арнайы шақырылды.
Салтанатты рәсім кезінде қызметтік борышын орындау барысында батылдық пен жанқиярлық танытқан әскери қызметшілер «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Сакентай Шекарбековтың және С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры атынан алғыс хатпен марапатталды.
Іс-шарада Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар басқармасының бастығы полковник Тимур Рахимов, университеттің әскери кафедра бастығы, медицина қызметінің полковнигі Нұрлан Сыбанбекұлы және мектеп оқушысы Арнай Жорабек сөз сөйледі.
Полковник Тимур Рахимов өз сөзінде марапат иелерінің нақты ерлік істеріне тоқталды. Оның айтуынша, олардың бірі қауіпті жағдай кезінде әріптесін қорғап қалса, екіншісі құқық бұзушылықтың алдын алған, ал тағы бірі жасөспірімдер арасында есірткі таралуына тосқауыл қоюға үлес қосқан.
Шараға Ұлттық ұланның Алматы гарнизонындағы әскери қызметшілер, жоғары оқу орнының оқытушылары мен студенттері, сондай-ақ Алматы қаласы мен Алматы облысындағы мектеп оқушылары қатысты.
Іс-шара соңында әскери қызметшілердің ерлігіне арналған концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.
Айта кетейік, Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдерден 2000-ға жуық әскери қызметші күн сайын қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қызмет атқарады. Олар азаматтардың тыныштығын қорғау жолында тәуекелге барып, жауапты міндеттерді орындайды.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік»
өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі
