Атыс және басқа да қару түрлерін сатып алуға, сақтауға, алып жүруге және пайдалануға, бұдан бөлек ішімдік ішуге, есірткі шегуге және психотроптық заттарды қолдануға тыйым салады.
Сот тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамға жәбірленушімен бірге жер үйде, пәтерде немесе өзге де баспанада тұруға тыйым салуға құқылы. Мұндай құқықтық ықпал ету шарасы отыз тәулікке дейін қолданылады.
Елімізде балаға қатысты жасалған қылмыстар үшін жаза қатаңдатылды. Қылмыстық кодекстің 99-бабына өзгеріс енгізілді. Енді кәмелетке толмаған баланы өлтіргендер тек өмір бойына бас бостандығынан айырылады. Бұрын бұл бап бойынша қылмыскерлер 20 жылға сотталатын.
Сондай-ақ педофилдерге енді тек өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы беріледі. Қылмыстық кодекстің 120-бабынан бала зорлағаны үшін 20 жылға соттау түріндегі жазаның балама түрі алынып тасталды.
121-бап бойынша кішкентай балаларға жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасағандар да өмір бойына түрмеге тоғытылады.
Қазір елімізде кәмелетке толмаған балаларға сексуалдық сипатта тиісу жағдайлары жиілеп кетті. Алайда қолданыстағы заңнамада мұндай қылмыс үшін жауапкершілік жоқ. Соның салдарынан балалардың құқығы қорғалмайды. Осыған байланысты Қылмыстық кодекске жаңа 121-1-бап «Он алты жасқа толмаған адамдарға сексуалдық сипатта тиісу» қосылды. Бұл бап бойынша белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейін айыра отырып немесе онсыз, 200 АЕК дейін түзеу жұмыстарына не 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартуға, не 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған…