• Вс. Авг 3rd, 2025
Популярные метки

ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ, ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛЫП ЖАТҚАН МАҢЫЗДЫ ЖОБАЛАРМЕН ТАНЫСТЫ

Автор:admin

Авг 2, 2025
Spread the love
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков және Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков Түлкібас ауданына арнайы іссапармен барды. Сапар аясында бірқатар инфрақұрылымдық және әлеуметтік маңызы бар нысандардың жұмыс барысымен танысты.
Алғашқы шолу «Састөбе инновациялық кешені» мекемесінен басталды. Бұл жоба — өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға бағытталған ірі инвестициялық бастама. Жоба арқылы жылына 1 миллион тонна цемент, 400 мың тонна әк, каустикалық сода, ПВХ және кальций карбидін өндіру көзделген. Бұл өнімдер химия, құрылыс және басқа да салаларда кеңінен қолданылады.
Құрылыс жұмыстары 2024 жылы басталған, 2027 жылы аяқталады деп жоспарлануда. Кешен толық іске қосылғанда 1200 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
Екінші нысан – Састөбе ауылында салынып жатқан қуаттылығы 180 МВт болатын «Састөбе химиялық кешенінің» сыртқы электрмен жабдықтау желілері. Ауқымды жобаның құрылысы 2024 жылы басталған. Жобаның жалпы құны — 9,6 миллиард теңгені құрайды. 2026 жылы толық аяқталады деп жоспарланған бұл нысан аймақтың өндірістік әлеуетін арттыруға үлкен үлес қоспақ.
Вице-министр Бауыржан Омарбеков жүргізіліп жатқан жұмыстарға оң баға беріп, сапаны басты назарда ұстауды және құрылыс мерзімінің нақты сақталуын тапсырды.
Келесі бағыт — Састөбе ауылындағы 1973 жылы салынған №186 дәрі-дәрмек қоймасы. Жалпы ауданы 2329,8 шаршы метрді құрайтын нысанда қазіргі таңда 7 адам жұмыс істейді. Бұл қойма өңірдің фармацевтикалық логистикасын қамтамасыз етуде маңызды орынға ие.
Түлкібас ауданында ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында нәтижелі жобалар жүзеге асуда. Солардың бірі – «Ауғанбай ата» ауыл шаруашылығы кооперативі.
Бүгін ауданға іссапармен келген арнайы делегация кооперативтің жұмысымен танысып, «Жайлау дәмі» сауда белгісімен шығарылып жатқан табиғи өнімдерге жоғары баға берді. Қазіргі таңда мекеме тәулігіне 500 литр сүт қабылдап, одан экологиялық таза өнімдер – айран, қаймақ, сүзбе мен сары май өндіруде. Барлық процесс заманауи санитарлық талаптарға сай жүргізіледі.
Кооперативте 3 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл ауылдағы жұмыссыздықты азайтуға, отандық өнім көлемін арттыруға және ауыл экономикасын жандандыруға ықпал етуде.
Мекеме басшылығы алдағы уақытта өндіріс ауқымын ұлғайтып, өнім түрлерін көбейтуді және жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отыр. «Жайлау дәмі» – сапасы жоғары, табиғи ауыл өнімін тұтынушыға тікелей жеткізетін брендке айналып келеді.
Сапар барысында делегация Келтемашат ауылдық округіне қарасты Даубаба ауылына да арнайы барды. Мұнда «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 100 орындық мәдениет үйінің құрылысы жүріп жатыр. Қазіргі таңда ауылдың инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, электр бағаналарын жаңарту және ішкі жүйелерді қайта жабдықтау жұмыстары жоспарланған.
Мәдениет үйінен кейін вице-министр мен облыс әкімінің орынбасары ауылдағы жергілікті тұрғындармен кездесу өткізіп, халықтың өтініш-тілектеріне құлақ асты. Ауыл тұрғындары ауыз су тапшылығы, жұмыссыздық, жарықтың жиі өшуі сынды өзекті мәселелерді көтеріп, ауылдың тарихи атауын қалпына келтіру жөнінде өтініш білдірді.
Жиын барысында барлық өтініштер назарға алынып, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді.
Бұл сапар Түлкібас ауданындағы өзекті мәселелерді шешуге және ірі жобаларды тиімді жүзеге асыруға бағытталған маңызды қадам болды.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика