Осы жылдың 3-4 қазан күндері Ұлттық ұланның 6698 әскери бөлімінің офицерлері мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілері Шымкент қаласы тілдерді оқыту әдістемелік орталығының қызметкерлерінің қолдауымен Қазтест жүйесі бойынша мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтау мақсатында байқау сынағын тапсырды. Аталған шараны ұйымдастыру 6698 әскери бөлімнің мемлекеттік тілді оқыту, дамыту, насихаттау жұмыстарына арналған жылдық іс-шаралар жоспарына енгізілген болатын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы №1045 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын орындау мақсатында ұйымдастырылып отыр. 2006 жылдан бастап құрылып өз жұмысын атқарып келе жатқан Қазтест жүйесі мемлекеттік тілді меңгерген ересек тұрғындардың үлесін арттырудың негізгі көрсеткішін жоғарылату тетігі ретінде анықталған, сондай-ақ қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалаудың отандық жүйесі болып табылады. Жалпы Қазтест жүйесі бойынша байқау тестін тапсырған 100-ден аса әскери қызметші жүйенің ережесіне сәйкес, тыңдалым, лексика-грамматикалық құрылым және оқылымнан тұратын 3 бөлік бойынша сынақ тапсырып шықты. «Бұл жүйе бойынша біз мемлекеттік қызметкерлер қатарында үнемі әскери қызметшілерді де қатыстырамыз. Өйткені орыс тілді терминдер басымырақ қолданылатын әскери терминологияны қазақ тіліне аударуға, оны күнделікті қызмет барысына қолдануға тартып, мемлекеттік тілдің қоғамдағы қолдану аясын кеңейту біздің басты мақсатымыз», — дейді тілдерді оқыту орталығының қызметкері Аяпова Ақжарқын. Байқау сынағының нәтижесі 1 аптаның көлемінде әскери бөлімнің мекен-жайына жолданатын болады. Бұл тестілеуден өткен әскери қызметшілердің мемлекеттік тілді білу деңгейі анықталған соң, әскери қызметте оларды оқыту мен үйрету жұмыстарына тиімді әсер етеді.