ҚҰҚЫҚТЫҚ РЕФОРМАЛАР ҚОҒАМ ТАЛАБЫ
Тәуелсіз Қазақстандағы саяси-құқықтық өзгерістердің нәтижелі болуын қамтамасыз етуге, қоғамдық және мемлекеттік құрылыстың жаңа тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесінің қалыптасуына тікелей ықпал ететін құқықтық реформалардың маңызы зор. Мемлекеттік биліктің бірыңғай жүйесінде сот билігі өте маңызды орынды алады. Сот билігі адамдар мен ұйымдардың заңды мүдделері мен еркіндіктерін, Конституцияның, заңдардың орындалуын қамтамасыз етеді. Сот билігі жазалап қана қоймай, ең алдымен, адамдардың құқылары мен еркіндіктерін қорғайды.
Сот-құқықтық реформа – жетілдіру мен дамытуды қажет ететін кең ауқымды және ұзақ мерзімді үрдіс. Сондықтан реформалардың нәтижелерін талдап, оның ішкі мазмұнын толықтыруда көптеген жұмыс атқарылды. Қоғамымыз дамудың жаңа сатысына бейімделіп, салада көптеген реформалар жасалды.
Бүгінгі қазақстандық бірегей жүйе биліктің қоғам алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етуге бағытталған. Сондықтан да құқықтық реформаны Қазақстанды шынайы демократияландыруға, одан әрі ізгілендіруге қарай жасалған игі қадамдардың бірі деп толық сеніммен айта аламыз. Егеменді еліміздің құқық қорғау жүйесінде қоғамдық тәртіп пен саяси тұрақтылықты сақтау мақсатында көптеген жалпыға ортақ заңдар мен нормативтік-құқықтық актілер қабылданған. Егеменді еліміздің стратегиялық дамуы бағытында құқықтық реформалардың өз әсерін тигізері сөзсіз. Қоғамда тәртіп пен саяси тұрақтылық қалыптасқан жағдайда ғана халықтың құқықтық санасы оянып, жетіле бастайды. Егер қоғамда тәртіп пен тұрақтылық бұзылған жағдайда халықтың қоғамдағы тәртіп пен саяси тұрақтылықты реттейтін заң нормаларына наразылығы туып, оны құрметтеуден бас тартады.
Мұндай жағдайда азаматтардың санасынан бірін-бірі сыйлау, құрметтеу, өзара түсіністікпен қарау, этика сақтау сияқты ізгілік ұғымдары тыс қалады. Қоғамдағы барлық азаматтардың жүріп-тұру, қарым-қатынас жасау сияқты әрекеттерін заң бір жүйеге келтіріп, реттеп отырады. Заң нақты, жалпыға ортақ әрі түсінікті болғанда ғана мемлекеттегі қоғамдық тәртіп пен саяси тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік туады. Сол заңның нақтылығын, жалпыға ортақ талаптарын халыққа терең түсіндіру жұмыстары құқық қорғау жүйесінде іскеасырылатындықтанөркениеткежетужолында құқықтық мемлекетіміздің қорғанын мықтап қалау үшін елді тәртіпке, ауызбіршілікке, өзара келісім мен ымыраға және ізгілікке шақыратын заң нормаларын халыққа жете түсіндіріп, олардың құқықтық санасын қалыптастыру бүгінгі күннің кезек күттірмес мәселелерінің біріне айналып отыр.
Қазіргі таңда тәуелсіз құқықтық мемлекетіміздің құқық қорғау жүйесінде айтарлықтай реформалар жүріп, өз нәтижесін беріп жатқаны баршаға мәлім. Бұл реформалардың жүргізілуі – заңды құбылыс. Сондықтан қазіргі заман талабы құқық қорғау жүйесінің жаңаша халықаралық стандартқа сәйкес жұмыс жүргізу тәртібін, сауаттылық пен кәсіби біліктілікті және заңгерлік мамандықтың ерекшелігіне байланысты іс жүргізу кезінде заңгерлердің қызметіне, сөз сөйлеу мәнеріне халықтың, сондай-ақ сотқа қатысушы тараптардың қанағаттануын қамтамасыз етуін қажетсінуде. Бүгінгі күні осы бағытта атқарылған шаралар да халықтың көңілінен шығуда.
Қуаныш Ермекова