• Пн. Ноя 25th, 2024
Популярные метки

Құқықтық мемлекеттің дамуы

Автор:admin

Июл 10, 2023
Spread the love

Қазіргі заманда көптеген демократиялық мемлекеттер құқықтық мемлекет болуға ұмтылуда. «Керек кеңес» айдарында Түркістан қаласының тұрғындарына құқықтық мемлекеттің қағидаларына арналған ақпаратты жариялап отырмыз. Қаламыздағы азаматтардың құқықтық сауатын арттыру мақсатында берілген мағұлматтар әрбір азаматтың, тұтас қоғамның құқықтық мәдениетін көтеруге маңызы зор.
Құқықтық мемлекет дегеніміз – жеке тұлғаның және бүкіл қоғамның құқықтарын қорғауды басты мақсат етіп қойған мемлекет. Бұл жерде адам, оның өмірі, құқығы және еркіндігі басты құндылық болып саналады.
Құқықтық мемлекеттің идеясы, ең алдымен, оның барлық түрлерінің озбырлығына қарама-қайшы келеді. Құқықтық мемлекеттің идеясы төмендегідей мақсаттарға қол жеткізуді көздейді:
биліктің шектеулі. Құқықтық мемлекет заң жүзінде биліктің қоғам мен жеке адамның өміріне араласуына шектеулер қояды;
жоғарғы құқықтық мәдениеттің құралымы және заңды сыйлау. Сонымен қатар мемлекет барлық субъектілерден заңды әрекет күтеді;
әрбір азаматтың құқығы мен еркіндігін сақтау және қорғау;
жанжалдарды бейбіт жолмен шешу ұстанымы, негізгі мәдениетті құндылықтардың бекітілуі.
Құқықтық мемлекеттің қағидатының дамуының тарихи кезеңдері. Құқықтық мемлекет идеясының сан-ғасырлық тарихы бар. Ежелгі грек ойшылдары – Сократ, Платон, Аристотель – қоғамның дұрыс дамуына кедергісі тимейтіндей билік пен құқықтың әрекеттестігінің формасын табуға тырысқан. Құқықпен келісетін, сонымен қатар құқықпен шектеулі мемлекеттік билік – ежелгі ойшылдардың айтуынша әділ мемлекеттің белгісі.
Аристотельдің ойынша «Заңның билігі жоқ жерде, ешқандай мемлекеттік құрылыстың формасына орын жоқ». Сонымен қатар ол әрбір мемлекеттік құрылыста үш элемент болатындығын айтып өткен: бірінші – мемлекеттің жұмыстары туралы заң жөнінде кеңес беретін орган, екінші – магистратуралар (әкімшілік), үшінші – сот органдары.
Платон «Заңдар» атты диалогінде: «Заңы өз күшіне еңбеген және біреулердің билігінде тұрған мемлекеттің жақын арада жойылатынын көріп тұрмын. Ал заң басшыларды билеп отырса, басшылар оның құлы болса, мен мемлекеттің құтқарылғанын және құдайдан құқықтық мемлекеттерге арнаған бар жақсылығын көрсететіндігіне көзім жетеді», — деп жазған.
Ежелгі Римнің саяси және қоғам қайраткерлері адамның адамгершілігі, еркіндігі және құқығы жайлы идеяны дамытты, олар мемлекетті адамдардың көпшілік-құқықтық бірлігі ретінде көрді. Цицеронның ойынша, мемлекет – халық игілігі. Халық – құқық және көпшілік қызығушылығы мәселесінде ойлары бір жерден шығатын адамдардың қосындысы.
Көпшілік билігінің ақылды әрі әділ ұйымының символы әділ сот құдайы Фемиданың кейпінде бейнеленеді. Фемида көзінде байлауыш, қолында қылыш және әділдік соты таразысымен тұр. Ол құқық пен күштің бірлігін кейіптейді, ал құқық тәртібі барлығына бірдей міндетті.
Жаңа заман дәуірінде құқық пен мемлекеттің, заң мен саясаттың байланысы туралы идеяның бастамасы мемлекеттік өкіметтің заң шығару, атқарушы және соттық билік болып бөліну тұжырымдамасынан басталған. Құқықтық мемлекеттің заманауи тұжырымдамасы негізінде келесі Еуропа ойшылдарының идеясы жатыр: Дж. Лильберн, Г. Гроций, Б. Спиноза, Дж. Локк, Ш. Монтескье, Ж.Ж. Руссо, И. Кант, Г. Гегель. Олардың болжамы бойынша бюрократтық мемлекеттің орнына тартып алынбайтын, меншікті құқығы мен еркіндігі бар дербес тұлға туралы идеясы бар мемлекет келу керек. Ең алғаш адамның бостандығы мен құқығы туралы заңды АҚШ конституциясы (1787) және Францияның адам және азамат құқықтары декларациясы (1789) бекітті.
Заманауи ғалымдардың айтуы бойынша, құқықтық мемлекеттің құрылысы – өте ұзақ үдеріс, сондықтан оны кезең-кезеңімен жүргізу керек. Академик – М.Баймаханов. «Құқықтық мемлекет құрылымы – мемлекеттіліктің барлық құрамдастарына және құқықтыұ жүйесіне әсер ететін алуан түрлі үлгілер мен әдістердің қоғаммен, бөлек социуммен, топпен, жеке адаммен байланысын қамтитын көпқырлы үдеріс», — деп жазған.
1995 жылы 30 тамыздағы референдумда қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет» деп бекітті. Ол дегеніміз – біздің ел құқықтық мемлекетті қолдайтын жолға тұрды, яғни құқыққа сүйенетін мемлекет құру жолына аяқ басты деген сөз.
Құқықтық мемлекеттің негізгі қағидаттары. Құқықтық мемлекеттің дамуының негізінде тұрған қағидаттар бар.
Құқықтық мемлекеттер нақты бір мемлекеттің тәжірибесіне байланып қалмаған. Ол идеалдың іске асырылуы әр елдің салт-дәстүрлеріне, мәдениетінің даму деңгейіне, ғылымға, қоғамның рухани адамгершілігіне қарай ерекшеленеді.
Осы қағидаттардың мазмұнын қарастырайық.
Құқықтың басымдығы қағидаты дегеніміз:
қоғам мен мемлекеттің тіршілігіндегі барлық сұрақтардың құқық пен заң позициясынан қаралуы;
жалпы адамдық құдылықтар (зерделік, әділдік) және құқық құндылықтарын (заң алдында барлығының теңдігі) ұйымдық-аумақтық бөліну және заңды көпшіліктің билік күшімен қосу;
мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың қабылдаған шешімдерін құқықтық негіздеуге міндеттеу;
мемлекетте құқықтық іс-әрекетке және орындалуына арналған үлгілер мен рәсімдердің (конституция мен заңдар, материалдық және процессуалдық кепілдік жүйесі) болуы;
құқық адаммен тығыз байланысты, оның тұрмыстық жағдайының бір беті, қарым-қатынас тәсілі және бірқалыпты өмір салтының кепілдігі.
Адамның құқығын қорғау қағидаты. Бұл қағидат бастапқы, кешенді және даусыз болып келеді. Келесі идеялар арқылы іске асады:
а) заңға қарсы келмейтін барлық нәрсеге рұқсат бар. Бұл қағидат барлық азаматтарға және жеке тұлғаларға арналады;
ә) дәл заңда көрсетілген нәрсеге ғана рұқсат бар. Бұл қағидат мемлекеттік ұйымдарға және лауазымды адамдарға арналады.
Адамның және азаматтың істеген іс-әрекеттері заңды бұзбауы тиіс. Өз құқығы мен еркіндігін іске асыру үшін жасалған іс-әрекеттер иесін ҚР Заңдары мадақтайды. Құқық рұқсат етілмеген іс-әрекеттердің шектеуін анықтайды. Ол шектеулердің сыртында азаматтар өз бетімен, еркін қимылдай алады.
Биліктің тармақтарға бөліну қағидаты. Мемлекет барлық міндеттерді бір ғана ұйымға жүктемеуі тиіс. Бүкіл биліктің бір ғана қолда болуы озбырлықты туғызады, еркіндікті жояды. Құқықпен шектеу қойылған билік бар жерде ғана бостандық бола алады. Ол дегеніміз мемлекеттік билік заңшығарушылық, атқарушылық және сот тармақтарына бөлінеді. Және осы әрбір билік тармақтары дербес және бір-бірін тежей отырып, өз функцияларын органдардың ерекше жүйесі арқылы және арнайы нысандарда жүзеге асыруы тиіс.
Заң шығарушы парламент. Ол заң қабылдайды, парламентті халық сайлайды. Атқарушы билік қабылданған заңдарды іске асырады. Олар: үкімет, министрлік және әкімдер. Сот билігі сот төрелігін жасайды. Соттық билік қалған биліктің екі тармағының қабылдаған заң актілерінің заңдылығын тексеріп отырады. Биліктің осы үш жүйеге бөлінуінде басты ерекше рөлді ҚР Президенті ойнайды. Президент биліктің үш тармағының басында орналасады, ол – төреші, саяси көшбасшы, ол үш биліктің келісілген ұсынысын бекітеді.
Биліктің бөлінуі «тепе-теңдік және тежемелік» жүйесімен тығыз байланысты. Ол дененіміз заң шығару, атқарушы, сот билігінің нақты бір билік түріне қатысты құқықтық шектеулерінің жиынтығын білдіреді. Оларға: вето институты, импичмент институты, вотум институты мемлекеттік органдарды таңдау және сайлау институты, соттардың тәуелсіздігі жатады. Егер заң шығарушы асығыстық танытса, президент вето құқығын қолданады. Ал атқарушы билікке қатысты тежемелік сипатта болып президент өкілеттіліктерінің мерзімі, импичмент, сенімсіздік вотумы және үкіметке парламенттің қарсылығы жатады. Атқарушы органдардың жауапты қызметкерлеріне заңшығарушылық құрылымға сайлануға, коммерциялық қызметпен айналысуға тиым салынады. Сот билігінің қызметі конституцияда көрсетілген келесі ережелер негізінде жүргізіледі: кінәсіздік презумпциясы, қорғану құқығы, азаматтардың заң мен сот алдындағы теңдігі, іс жүргізудің жариялылығы мен жарыспалылығы, соттарға қарсылық білдіру және т.б.
Импичмент – парламент тарапынан жүргізілетін жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлерді қызметінен тайдыру, заң алдында жауапкершілікке тарту рәсімі. Қазақстан Республикасының Конституциясының 47-бабының 4-тармағында белгіленгендей Парламент Қазақстан Республикасының Президентін лауазымынан тек мемлекетке опасыздық жасаған жағдайда ғана босатады.
Заңның үстемдік құру қағидаты. Заң – ресми акт, жоғары заңдық күші бар. Заңды парламент қабылдайды. Құқықтық мемлекеттің мәні адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын мейлінше толық көлемде қамтамасыз етуден, тұлға үшін құқықтық ынталандыру режімін орнықтырудан, мемлекеттік билікті құқықпен байланыстырудан, мемлекеттік құрылымдар үшін құқықтық шектеу режімін орнықтырудан көрінеді. Ұлы неміс ойшылы Г.Гегель айтып кеткендей: «Дұрыс қабылданған заңдар мемлекетті гүлдендіреді, ал жеке адамның еркіндігі – мемлекеттің жарқырауына басты себеп».
Мемлекет пен тұлғаның өзара жауапкершілігі қағидаты. Бұл құқықтық мемлекеттің дербес қағидаты болып табылады. Бұл – саяси билікті шектеудің өзінше бір тәсілі, ол саяси биліктің иесі ретіндегі мемлекет пен оны жүзеге асырудың қатысушысы ретіндегі азаматтар арасындағы қарым-қатынастардың адамгершілік-заңды бастамларын көрсетеді. Қоғам мен тұлғаның бостандығын заңшығарушылық нысанда бекіте отырып, мемлекет өз шешімдері мен әрекеттерінде белгілі бір шектеулерді иеленеді. Құқыққа бағына отырып, мемлекеттік органдар ондағы ережелерді бұза алмайды және осы міндеттерді орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылады. Заңның мемлекеттік билік үшін міндеттілігі әкімшіліктік қателіктерді болдырмауға бағытталған кепілдіктер жүйесімен қамтамсыз етіледі. Оларға үкіметтің өкілдік органдардың алдындағы жауапкершілігі, мемлекеттің кез келеген деңгейдегі лауазымды тұлғаларының нақты бір тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарын бұзғандығы, билікті асыра пайдаланғаны, қызметтік жағдайын асыра пайдаланғаны үшін тәртіптік, азаматтық-құқықтық және қылмыстық жауапкершілігі, импичмент және т.б. жатады. Жалпы қауымның мемлекеттік құрылымдарыдң өз міндеттерін орындауды бақылауының нысандары болып референдумдар, депуттаттардың сайлаушылар алдында есеп беруі және т.б. табылады. Тұлғаның мемлекет алдындағы жауапкершілігі де дәл осы құқықтық бастамлармен негізделеді. Мемлекеттік мәжбүрлеуді қолдану құқықтық сипатта болуы, ол тұлғаның бостандығын бұзбау және жасалған құқықбұзушылықтың ауырлығына сай болуы тиіс. Сонымен мемлекет пен тұлғаның арасындағы қарым-қатынастар өзара жауапкершіліктің негізінде жүзеге асырылуы тиіс.
Мемлекеттің тиімді қызмет атқару үшін міндетті түрде тең құқықты серіктес болуы тиіс, ол – азаматтық қоғам. Азаматтық қоғамда ең басты идея – адамның еркіндігі, оның құқықты қадірлей оытырып, адамгершілік қағидаларына сүйене тұра, өз іс-әрекетін өзі жасауына мүмкіндік беру. Сонымен қоса мемлекет азаматтық қоғамның тіршілігіне кедергі болмауы тиіс. Тек азаматтық қоғам заңды бұзған жағдайда ғана араласуына толық хақысы бар.
Азаматтық қоғам дегеніміз – еркін демократиялық, құқықтық қоғам, ол нақты бір жеке тұлғаларға сүйенеді. Азаматтық қоғам заңды, құқықты, салт-дәстүрді, әдетті, жалпы гуманистік идеяларды қадірлейді. Ондай қоғамда шығармашылық және кәсіпкерлік қызметке еркіндік беріледі, жеке тұлға мен азаматтың қызметінің іске асырылуына және сәтті болуына түгел мүмкіндік жасалады. Бұл жерде мемлекеттің қызметіне шектеулер мен бақылаулар бар. Азаматтық қоғам жайлы идеялар ерте заманда туындаған. Дегенмен тек XVII ғасырда ғана ағылшын философы Т.Гоббс «Азамат туралы» және «Левифиан» еңбектерінде жүгенсіз кеткен мәдени қоғамға дейінгі үдерісті сипаттап, азаматтық қоғамның түгел тұжырымдамасын баяндаған. Әрі қарай азаматтық қоғамның идеясын Дж. Локк, Ж.Ж.Руссо, И.Кант және басқа ойшылдар жалғастырды.
Азаматтық қоғамның қалыптасуында төмендегідей маңызды факторлар рөл атқарады:
экономикалық – көпқұрылымды экономика, жекеменшік формасының жан-жақтылығы;
саяси – билік өкілдіктің жекеленуі, биліктің бөлінуі, саяси плюрализм, мемлекеттік және қоғамдық өмірде жай азаматтардың қатысуына мүмкіндік беру, заңның ұлттылығы және заңның алдында барлығының теңдігі;
рухани – бір идеология мен дүниетанымда монополияның жоқтығы, ар-намыстың еркіндігі, өркениет.
Азаматтық қоғам мен мемлекет бір-бірін толықтырады және бір-біріне тәуелді.
Адамдарға арналған тұрмыстың оңтайлы, ұтымды үлгілерін тек саналы еркін азаматтар ойлап таба алатындықтан, саналы азаматтарсыз, жетілген азаматтық қоғамсыз құқықтық демократиялық мемлекет құру мүмкін емес.
Сондықтан құқықтық мемлекет идеясы – тарихи өркениет, яғни ол идеяға озық қоғамдардың барлығы ұмтылуда. Құқықтық мемлекетте құқық пен еркіндіктің кең жинағы қарастырылады. Онда құқық пен еркіндіктің іске асатынына толық кепілдік бар. Құқықтық мемлекетте биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот болып үш тармаққа бөлінетіндігі туралы жазылған, олар бір-бірімен «тепе-теңдік және тежемелік» жүйесінің көмегімен байланысады. Қазақстан Республикасында азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекеттің қалыптасуына белсенді үдерістер жүргізілуде.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика