ҚР ІІМ-нің нұсқауына сәйкес Түркістан облысы полиция департаментінің ұйымдастыруымен өскелең ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеу, оларды отансүйгіштікке баулу мақсатында ерекше шара ұйымдастырылды. Яғни қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан милиция сержанты Айтжан Құдіретуллаұлы Гайбуллаевтың атына өзі білім алған «Бабайқорған» мектебінен «Батылдық бұрышы» ашылды. Онда тәртіп сақшысының өмірбаяны мен суреттері қойылған.
Ашылу салтанатына А.Ғайбуллаевтың жұбайы Гаухар Сүлейменова, ұлы Ержан Айтжанұлы, Түркістан облысы ІІО ардагерлер кеңесінің төрағасы Оспанғазы Жанқожаев пен Тәрбие және кадр жұмысы басқармасы бастығының орынбасары Ерлан Шамшат, Түркістан қаласы ІІО ардагерлер кеңесінің төрағасы Батырхан Сансызбаев, мектеп ұжымы мен оқушылар қатысты.
Іс-шара барысында қызмет атқара жүріп, жұлдызы ерте сөнген А.Ғайбуллаевтың өмір жолы туралы деректер айтылып, жиналған көпшілікке оның ерлігі дәріптелді. Өз кезегінде мектеп басшылығы полицейдің қайтпас қайсарлығы мен жанқиярлығын үнемі жас ұрпаққа үлгі етіп отыратынын жеткізді.
Сонымен қатар, іс-шараның негізгі мақсаты полиция мамандығын дәріптеу арқылы полиция қызметкерлеріне деген сенім деңгейін арттыру. Сонымен қатар жас ұрпақты еңбекқорлық пен әділеттілікке үйрете отырып бойындағы патриотизм рухын ояту болып табылады.