Жұма күні, 11 тамызда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің төрағалығымен Шымкент қаласы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті, деп хабарлайды R-factor.kz ақпарат агенттігі.
Отырыста оңтүстік мегаполистің кәсіподақ көшбасшыларына кәсіподақ мүшелігін қамтуды кеңейту, жұмыскерлер мен жұмыс берушілерге еңбек және кәсіподақ заңнамасын қолдану тәжірибесі бойынша оқыту семинарларын ұйымдастыру және облыстағы әлеуметтік әріптестермен қарым-қатынасты нығайту бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Ашық диалог форматында өткен кездесуде өңірдің кәсіподақ көшбасшылары жергілікті деңгейде өз шешімін таппай отырған өзекті мәселелерін жеткізіп, ҚР Кәсіподақтар федерациясының жәрдемдесуін сұрады.
Мәселен, Шымкент қаласы бойынша Құрылыс кешені және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің кәсіподағының төрағасы А.Манахов «ЛТД Тұрмыс» ЖШС және «ШымкентСпецКомплекс» ЖШС еңбек ұжымдарында қалыптасқан ахуалды жеткізді. Атап айтқанда, еңбек ұжымының кәсіподақ ұйымын құру туралы ниеті болғанымен, кәсіпорын басшылығы бұл бастамаға қарсылық танытып отыр.
Мәселемен танысқан Федерация басшысы бұл мәселені аймақтық деңгейде үшжақты комиссияда қарастыру қажеттігін жеткізді. Егер де шешімі табылмайтын болса, республикалық үшжақты комиссия отырысына шығарылатынын да баса айтты.
Кездесуде, сондай-ақ, өңірдегі кәсіподақтардың рөлін арттыру, жергілікті кәсіподақтардың жұмысын жетілдіру, бастауыш ұйымдарды құру бойынша өзекті мәселелер де атап өтілді.
Өз кезегінде Федерация басшысы көтеріліп отырған мәселелердің барлығы ҚР Кәсіподақтар федерациясының күн тәртібінде қарастырылғанын жеткізді. Және де кәсіподақ әрқашанда халықтың мүддесін ойлап, халықтың игілігіне жұмыс істейтін 120 жылдық тарихы бар бірегей ұйым екенін атап өтті.
Жиынға қатысушыларға арнаған сөзінде Федерация басшысы өңірлерде кәсіподақ мүшелерімен жүйелі кездесулер өткізу кәсіподақтардың алдағы міндеттерін анықтауға және еңбеккерлермен кері байланыс орнатуға мүмкіндік беретінін жеткізді.
«Кәсіподақ қоғамдағы сұраныстарға жауап ретінде пайда болды. Кәсіподақтың негізгі идеясы – әлеуметтік әділеттілік. Президент жүргізіп жатқан реформалар, оның ішінде, әділетті Қазақстанды құру бастамасы біздің жүрегімізден бірден орын алды. Өйткені, біз әрқашанда әділеттілік жолын таңдаймыз. Бізге бұл тансық емес, таныс. Біздің осы реформаларды бірауыздан қолдауымыздың да себебі – осы», – деді Федерация төрағасы.
Сонымен қатар, Сатыбалды Дәулеталин кездесуге қатысушыларға халықаралық ынтымақтастық саласындағы маңызды оқиғаларды баяндады. Ол Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының құрамындағы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының мүшелігі қалпына келтірілгені туралы айтты.
«1 шілде күні Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының құрамындағы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының мүшелігі қалпына келтірілгені туралы ресми хат алдық. Бұл – Кәсіподақтар федерациясы мен оның мүше ұйымдарының 3 жыл бойы бірлескен күш-жігерінің арқасында қолжеткізілген нәтиже. Осының арқасында біз халықаралық кәсіподақтар қозғалысына толыққанды қатыса аламыз», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.
ҚРКФ төрағасы Түркі елдерінің кәсіподақтар ұйымын құру туралы келісімге қол қойылғаны туралы хабардар етті.
«29 шілдеде Әзербайжан Республикасының Шуша қаласында Әзербайжан, Қазақстан, Түркия және Өзбекстанның ұлттық кәсіподақ орталықтары Түркі елдерінің кәсіподақтар ұйымын құру туралы келісімге қол қойды. Осының аясында біз елдеріміздің 48 миллион еңбеккерінің мүддесін қорғай аламыз», – деп атап өтті Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.
Жиын барысында салалық кәсіподақ төрағалары Федерацияның халықаралық ынтымақтастықты арттыруға бағытталған жұмысына жоғары баға берді.
Сондай-ақ, ҚРКФ төрағасы жуырда ғана Маңғыстау облысына сапары барысында «CASPI BITUM» БК» кәсіпорнында жүйеге қойылған әлеуметтік әріптестікті дамыту және еңбеккерлердің жағдайын жақсарту бойынша жұмыстарды басқа өңірлерде де тәжірибеге енгізу қажеттігін атап өтті.
«Біздің ортақ мақсатымыз – еңбек адамының әл-ауқатын арттыру, еңбек құқығын қорғау. Кәсіподақ – азаматтардың өз құқығын қорғай алуы, күш біріктіруі, әр адамның өз еркімен құратын ұйымы. Алда әлі де атқаратын жұмыс көп. Ендігі ретте бастауыш ұйым төрағалары ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын күшейту керек», – деп сөзін қорытындылады Сатыбалды Дәулеталин.
Айта кетерлігі, 2023 жылы «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі Үйлестіру кеңесінің 5 отырысы өткізілді. Онда кәсіподақтың күнделікті жұмыс барысында туындайтын өзекті мәселелері талқыланып, шешу жолдары қарастырылады.