Шымкент қаласында қоғамдық тәртіп пен цифрлық инфрақұрылымды дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
2024 жылы қала аумағында 1500 бейнебақылау камерасы орнатылды. Оның 1200-і қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мақсатында, ал 300-і көлік қозғалысы кезінде жылдамдықты өлшеу үшін пайдаланылуда.
Сонымен қатар, 147 мемлекеттік мектепте интернет жылдамдығы 150 Мбит/сек дейін арттырылды. Оның 100 Мбит/сек оқу процесіне арналса, 50 Мбит/сек бейнебақылау жүйесі мен дабыл батырмаларының жұмысына бағытталған.
Қала шетінде орналасқан шағынаудандар мен тұрғын алаптарға талшықты-оптикалық интернет желісін тарту жұмыстары жүргізілуде. Бұл жоба жеке инвесторлардың қолдауымен жүзеге асырылып, қазіргі таңда 20 елдімекенді қамтып отыр.
Сонымен бірге, қала аумағында 5G мобильді байланыс инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыстар қолға алынған. Жоспарға сәйкес, 94 базалық станция орнатылуы тиіс болса, бүгінгі күні олардың 84-і іске қосылып, қала тұрғындары 217 нүктеде 5G желісіне қосылу мүмкіндігіне ие болды.
Аталған шаралар Шымкент қаласында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жоғары жылдамдықты интернетке кең қолжетімділік жасауға бағытталған.
