2026 жылғы 20 қазандағы жағдай бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры халыққа көрсетілген медициналық көмек үшін жеткізушілерге шамамен 2 триллион теңге аударды: оның ішінде 1,2 триллион теңгеден астамы көрсетілген көмек ақысы, ал 806,9 миллиард теңгесі медициналық ұйымдарға аванс есебінен төленді.
Төлемге жалпы сомасы 1,691 триллион теңгені құрайтын актілер қабылданды.
Аударылған авансты ескере отырып, қаржыландырудың жылдық жоспарының орындалуы 67%-ды құрайды. Өткен жылы осы кезеңде жылдық жоспардың орындалуы 63% болған еді.
Жыл ішінде орындалу динамикасына нормативтік актілердің өзгерістері, деректерді беру және ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ақпараттық жүйелерінің техникалық дайындығы әсер етті.
Қаржыландыру тиімділігін арттыру мақсатында Қор адамның қатысуынсыз медициналық көмек көлемін автоматты түрде қайта бөлуге көшті. Бұл медициналық ұйымдар арасында көлемдерді бөлу кезінде адами фактордың әсерін азайтуға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар клиникаларды қаржыландыру лимиттеріне қатысты тәсілдер қайта қаралуда. Қор бірқатар маңызды бағыттар бойынша медициналық көмекті сатып алу шарттарының орындалуын бағалаудың сызықтық шкаласын қолданудан кезең-кезеңімен бас тарту мәселесін пысықтауда. Бұл шаралар ауруханалардың кредиторлық берешегін азайтуға және жоспарлы медициналық көмек көрсету мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді.
Қор жеткізушісі саналатын медициналық ұйымдар үшін МКБТЖ ақпараттық жүйесінде техникалық жұмыстар, төлемдердің кешігу себептері мен төлемдерді жедел жүргізу бойынша Қордың қабылдап жатқан шаралары туралы ақпарат ұсынылатын, жүйелі түрде жаңартылып отыратын бөлім құрылды.
Ақпарат көзі