Жаз мезгілі — шомылуға, табиғат аясында серуендеуге, отбасы мен достармен демалуға таптырмас кезең. Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтары жиі баратын жағажайлар, саябақтар мен демалыс базалары тек жайлы ғана емес, сонымен қатар санитариялық-гигиеналық талаптарға толық сай болуы тиіс. Себебі, жазғы маусым — түрлі жұқпалы аурулардың таралуына қолайлы уақыт.
Қауіпсіз демалысты қамтамасыз ету үшін демалыс орындары төмендегі санитариялық нормаларға сай келуі шарт:
— Олар өндірістік кәсіпорындардан, мал шаруашылығы нысандарынан, лас және ағын сулардан кемінде 500 метр қашықтықта орналасуы тиіс. Бұл — қоршаған ортаға және демалушылардың денсаулығына төнетін қауіптің алдын алудың негізгі талабы.
— Жағажай аумағында күннен қорғайтын шатырлар, киім ауыстыратын кабиналар, қоқыс жәшіктері, дәретханалар, алғашқы медициналық көмек пункті және құтқару бекеттері міндетті түрде болуы керек.
— Қауіпсіздік қызметі мен құтқарушылардың кезекшілігі ұйымдастырылуы тиіс.
— Жағажайлар мен демалыс орындарының аумағы күнделікті тазаланып, дезинфекция жұмыстары жүргізілуі қажет. Құм қабаты арнайы техникалармен жүйелі түрде қопсытылып, қоқыстар уақытылы шығарылуы тиіс.
— Дәретханалар мен жуғыш орындар санитарлық талаптарға сай жұмыс істеп, тазалық құралдарымен толық қамтамасыз етілуі керек.
Сондай-ақ, мұндай орындарда ішек инфекциялары мен паразиттік аурулардың алдын алу мақсатында келушілерге санитариялық ережелерді сақтау туралы ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілуі тиіс. Ауыз су сапасының талапқа сай болуы, тағам өнімдерінің сақталу жағдайы, сатылатын балмұздақ пен сусындардың жарамдылық мерзімі — барлығы бақылауда болуы қажет.
Ата-аналар балаларын қараусыз қалдырмай, суға шомылу ережелерін түсіндіріп отыруы маңызды. Ал демалыс базалары мен жағажай әкімшілігі өз аумағында орын алуы мүмкін кез келген төтенше жағдайға дайын болуы қажет.
Қауіпсіздік — жай ғана талап емес, әрбір азаматтың денсаулығын қорғауға бағытталған басты ұстаным. Сапалы демалыс — тазалық пен тәртіптен басталады.
