Қаржы пирамидасы — тез байып кетуді армандаған азаматтарды арбаудың ең кең таралған тәсілдерінің бірі. «Жоғары табыс», «достарыңды қос та ақша тап», «бүгін салсаң, ертең еселеп аласың» деген уәделер талай адамды торға түсіріп келеді. Соңғы жылдары елімізде мұндай ұйымдардың саны күрт өсіп, мыңдаған адам қаржысынан айырылып, заң алдында жәбірленуші ретінде танылып отыр.
Қаржылық пирамида — бұл нақты өнімсіз немесе қызметсіз жүйе. Мұнда бастапқы қатысушылар кейінгілердің есебінен пайда көреді. Бірақ мұндай жүйе ұзақ өмір сүрмейді — соңғы болып қосылғандар ақшасын жоғалтады.
Мұндай ұйымдардың басты белгілері:
— Қысқа мерзімде жоғары табыс уәде етеді;
— Қатысушыларды тартқаны үшін ақша береді;
— Нақты өнім немесе қызмет жоқ;
— Лицензиясыз әрекет етеді;
— Қаржылық операциялары ашық емес, ешқандай құжат берілмейді.
Осындай алаяқтық әрекеттердің алдын алу — Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басты бағыттарының бірі. 2024 жылы ғана ҚР ҚК 217-бабы бойынша 4 қылмыстық іс қозғалып, 14 адам айыпты деп танылды. Оның 13-і бас бостандығынан айырылды.
2025 жылдың алғашқы айларында 8 қылмыстық іс тергеліп жатыр, оның біреуі — атышулы «Nazira Gold» ісі. Белгілі бір топ мыңдаған адамның сеніміне кіріп, жалған уәделермен олардан ақша жинаған. Қазірдің өзінде 104 салымшы ресми арыз жазып, 810 миллион теңге көлемінде шығын келтірілгені белгілі болды.
Тергеу барысында күдіктілердің аса қомақты табыс түсіретінін айтып, халықты сендіру үшін алтын бұйымдарын заңсыз сатқандығы анықталды. Бұл тек сыртқы көзбояушылық болып, адамдарды заңды саудамен айналысып жатыр дегенге сендіру үшін жасалған.
Қазіргі таңда тергеу органдары әлеуметтік желілердегі жалған ақпараттарды таратушыларды бақылауға алып отыр. Заңсыз насихат жүргізіп, тергеу ісіне кедергі келтіргендерге қатысты заң аясында шаралар қабылданады.
Департамент азаматтарды тексерілмеген компанияларға ақша салмауға, күмәнді ұсыныстарға сенбеуге шақырады. Егер қаржы пирамидасының құрбаны болсаңыз, ЭТТД-ға барып, ресми түрде арыздануыңыз қажет. Тек сонда ғана сіздің шығыныңыз сот шешімі арқылы өтелуі мүмкін.
Қаржылық қауіпсіздік — әр азаматтың өз қолында. Қызықты ұсыныстардың ар жағында алаяқтық тұруы мүмкін екенін әрдайым естен шығармаған жөн!
