Ағымдағы жылы Қаратау ауданының су басу қаупі анықталған елді мекендерінде тұрғындардың өтінішіне сәйкес, ирригациялық арықтар салу жұмыстары бастау алады.
Бұл жоба, әсіресе, жаңбырлы кезеңдерде су басу мәселесін шешуге, инфрақұрылымның жұмысын жақсартуға, сондай-ақ аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Арықтарды салу жұмыстардың негізгі мақсаты — жергілікті тұрғындар мен қала инфрақұрылымын су тасқынынан қорғау. Жобаның аясында ирригациялық арықтар әр түрлі ұзындықта салынатын болады. Мәселен, «Сайрам» тұрғын алабының Иіржар көшесі бойынша 260 метр арық құрылысымен қамтылады.
Ал, «Мәртөбе» тұрғын алабындағы Жібек жолы көшесіне (авто жуу бекеті тұсы), «Мирас» шағынауданында Өркениет және Ажарлы көшелеріне 370 метрге арық салу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, «Сайрам» тұрғын алабының Тағылым көшесі (бұрынғы Абай көшесі) мен Өрікзар көшелерінде 700 метрге жуық арық салынуы көзделіп отыр. Мұнымен қоса, «Сайрам» тұрғын алабындағы №139 мектепке баратын негізгі көше де осы жоспарға кіріп, 200 метрге ирригациялық арық салу қолға алынады.
Тұрғын алаптағы атауы жоқ көшелерде 1700 метрге арықтың құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Сареми көшесінің 500 метрі де осы ауқымды жобаның бір бөлігіне айналады.
Ал, «Шапағат» шағынауданындағы Шапағат көшесі бойында 50 метрлік арық салу қарастырылған. «Қайтпас» шағынауданының Академиктер қалашығының 100 метрі мен «Нұрсәт» шағынауданындағы №135 А, Б, В үйлерінің жанына 350 метр арық салынуы жоспарлануда.
«Нұрсәт» шағынауданындағы Балалар ауруханасының көшесі мен «Таскен» тұрғын алабындағы Бақдәулет көшесіне 400 метр арық салу жұмыстары да бар. Ал, Таскен т.а. Байкент көшесі 100 метр ұзындыққа дейін арықталады.
Сондай-ақ, «Қайтпас» шағынауданындағы Қаһарман көшесіне құдықша орнату үшін 20 метр құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады.
Бұл ауқымды жоба Қаратау ауданында су тасқынының алдын алу бойынша маңызды шара болып табылады. Ирригациялық арықтар салу тұрғындардың күнделікті өміріне қолайлы жағдайлар жасай отырып, экологиялық және әлеуметтік мәселелерді шешуге үлкен үлес қосады.
Жоба аяқталғаннан кейін су басу қаупі төмендеп, аудан тұрғындары үшін қауіпсіз және ыңғайлы өмір сүру ортасы қалыптасады.
Сондай-ақ, бұл жұмыстар ауданның инфрақұрылымын жақсарту және аумақты дамыту бағытында атқарылып жатқан маңызды қадамдардың бірі болып табылады.
