Бүгін Қарттар күніне орай қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Шымкент қаласының Құрметті азаматы және еңбек ардагері Медеуов Шерім мен Омаров Мұхан Омарұлын арнайы құттықтады. Ақсақалдарға және олардың отбасына мықты денсаулық, табыс, ұзақ өмір және амандық тілеген қала әкімі қарттарға сыйлықтар табыстады.
Сондай-ақ, «Қарттарым – ел қазығы» атты салтанатты іс-шараға қатысып, оған жиналған ардагерлер мен зейнеткерлерге қоғамға сіңірген еңбегі мен үлесі үшін алғыс айтып, мерекемен құттықтады. Жиын барысында бірқатар ардагерлерді төсбелгілермен және құрмет грамоталарымен марапаттады.
«Барлық аға буын өкілдерін шын жүректен Халықаралық Қарттар күнімен құттықтағым келеді! Бұл мереке – даналықтың, мейірімнің, саналы ғұмырдың айнасы. Қашан да халқымыз қариясын ардақтап, ақылын тыңдап, өнегесін үлгі еткен. Сіздердің өмір бойы жинаған тәжірибелеріңіз бен асыл білімдеріңіз – біздің болашағымыздың шамшырағы, қаламыздың, еліміздің өркендеуіне қосқан баға жетпес үлесіңіз. Сіздер Шымкенттің гүлденуі жолында өздеріңізден кейінгі ұрпаққа бай мұра қалдырып, жанашырлықпен қызмет еттіңіздер. Өмірге деген белсенді көзқарастарыңыз, туған жерге деген риясыз сүйіспеншіліктеріңіз, қаламыздың дамуына бей-жай қарамағандарыңыз – нағыз азаматтықтың үлгісі. Осы бір ізгі істеріңіз үшін сіздерге шынайы алғысымды білдіремін және зор денсаулық, сергек көңіл, бақытты ғұмыр тілеймін»,-деді Ғабит Әбдімәжитұлы құттықтауында.
Қазіргі рухани құндылықтар таразысын материалдық байлық басқан заманда қарапайым қағидаларды орындауға қарекет қылдық па? Сананы тұрмыс билеген заманда қазыналы қарттарымызды сыйламақ түгіл, өз балалары үйіне сыйдырмай қарттар үйіне апарып тастағанын естігенде денең түршігіп, ауыр күрсінеді екенсің. Бұрын қазақ жерінде қарттар, жетімдер үйі деген болды ма? Есігінде құлпы, даласында түрмесі болмаған ата-бабалармыздың өркениетті қоғамына жете алмай жүрген жоқпыз ба? Әйгілі Қашаған ақын: «Жетпістен жасы асқанда, сексенге аяқ басқанда, жастар елеп келмесе, келіп сәлем бермесе, күнде асыл кисе де, қартайғанда ер жетім», – деп қалай тауып айтқан десеңші?! Қысқасы, біз ата-анамызға, қарттарымызға құрмет көрсеткенде ғана бақытқа қол жеткізе алады екенбіз. Ертеңгі күні біз қартайғанда балаларымыз бізге жақсы қарағанын қаласақ, біз де ата-анамызға құрметпен қарауымыз керек.