Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Қаратау ауданы тұрғындарымен көшпелі кездесу өткізді. Азаматтар толғандырған сауалдарын жолдап, мегаполисті дамытуға қатысты ұсыныстарын жеткізді.
Тассай, Сайрам және Қызылсу шағынаудандарының тұрғындары жолдарды асфальттеу, кеңейту, көше атауын беру, қоғамдық көліктерге, жер қатынастарына, балалар алаңдарын салу мен бейнебақылау камераларын орнатуға қатысты өзекті мәселелерді көтерді.
Қала әкімі мен сала басшылары барлық сұрақтарға жауап беріп, азаматтар қозғаған бірқатар мәселені шұғыл шешіп, қосымша уақытты қажет ететін мәселелер қала әкімінің жеке бақылауына алынды.
Бұдан бөлек, Абай ауданы, “Ынтымақ” шағынауданына қарасты Жидебай көшесінің тұрғындарымен кездесті. Табиғи газбен қамту, кәріз, көше мен тротуарларды асфальттау мәселелері талқылады. Тұрғындар жылдар бойы шешілмей келе жатқан жақын маңдағы қоғамдық көлік аялдамасына жаяу жүргіншілер жолын ұйымдастыру мәселесін көтерді. Екі жақты әңгімелесе келе айтылған проблеманың оң шешімі табылып, учаске иесі тұрғындар үшін жолды ашып беретін болды. Сол жерде аудан әкіміне уақытша өту жолын ұйымдастыру бойынша қажетті шараларды қабылдау тапсырылды. Сондай-ақ, қала басшысы алдағы уақытта заң талаптарын сақтай отырып, жер телімін мемлекетке қайтару мәселесін қарастыратынын жеткізді.
Әкім мен оның әріптестері Әл-Фараби ауданы, Әлімқұлов көшесінде тұратын тұрғындардың өтінішін де назардан тыс қалдырмады. Кездесу барысында халық көшені жарықтандыру, пандустың жоқтығы және балалар алаңын жаңғырту қажеттілігі сынды бірқатар өзекті мәселелерді қозғап, шешу жолдарын қарастыруды айтты. Осы мәселеге орай әкім аудан әкімдігіне бірқатар нақты тапсырмалар жүктеп, азаматтардың өтінішіне жіті назар аударуды тапсырды.
Сонымен қатар, көшпелі кездесу барысында Ғабит Сыздықбеков Ю. Сареми көшесіндегі жол құрылысымен танысты. Мердігер ұйым өкілдеріне сапаға ерекше назар аудара отырып, барлық жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Онымен қоса Сайрам тұрғын алабының ішкі орам көшелерінің жағдайын тексерді. Салалық басқарма басшылығына орталық көшелерді асфальттеу, сондай-ақ келесі жылға арналған жоспарға жергілікті көшелерді қосуды тапсырды.
Мегаполис басшысы Таскен шағынауданы тұрғындарының өтініштерін де назарға алды. Кездесу барысында көшелерді абаттандыру және жарықтандыру, кәріз жүйесін жүргізу және қоғамдық көлік бағыттарын ұзарту мәселелері талқыланды.
Қала басшысы көшпелі кездесу соңында жауаптыларға азаматтармен кері байланысты күшейтіп, мәселелерді шешуде нақты тапсырмалар берді, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған R-FACTOR.KZ.