Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қала тұрғындарымен өткен аптада өткізілген ашық кездесулер барысында айтылған мәселелердің орындалу барысын тексеріп, арнайы жұмыс сапарымен бірнеше инфрақұрылым нысандарын аралады. Мақсат – тұрғындардың өтініштеріне байланысты берілген тапсырмалардың нақты орындалуын қадағалау, шешім қабылдау үдерісінің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ету.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін қала басшысы Түркістан қаласының 6 секторында азаматтармен жүздесіп, халықтың өзекті мәселелері мен ұсыныс-тілектерін тыңдаған болатын. Ашық диалог форматында өткен бұл кездесулерде жалпы саны 179 мәселе көтеріліп, 73 жеке арыз-шағым тіркелді. Осы мәселелер бойынша сала мамандары мен мердігер мекемелерге нақты тапсырмалар берілген еді.
Қала аумағындағы нақты нысандарға тексеру жүргізілді:
Қала әкімінің жұмыс сапары барысында мынадай нысандар мен көшелер назарға алынды:
— 11 көшедегі 18 пәтерлі тұрғын үй кешені – жертөлеге су кіру мәселесі;
— А.Мендерес көшесіндегі 20 қабатты тұрғын үй – құрылыс сапасына қатысты тұрғындардың шағымдары;
— Отырар мөлтек ауданындағы 32 пәтерлі тұрғын үй – тұрғын үйдің сыртқы қасбеттері, пандус пен лифт жағдайы;
— Ш.Дүрия және Дулыға батыр көшелері – жол сапасы, асфальт төсеу жұмыстары;
— Қарашық көшесі – балалар ойын алаңшасының қауіпсіздігі мен жабынды мәселесі;
— Жангелдин және Бокина көшелері – инфрақұрылым, көгалдандыру, жарықтандыру, абаттандыру, тәртіп мәселелері.
Қала басшысы әрбір нысанға барып, тұрғындармен қайта жүздесті. Олардың шағымдары мен ұсыныстарын нақтылап, көтерілген мәселелер бойынша жауапты мекемелерге шұғыл әрі нақты тапсырмалар жүктеді.
Көтерілген негізгі мәселелер мен берілген тапсырмалар:
Жертөлеге су кету және тазалық мәселесі:
Тұрғын үйлердің жертөлесіне су жиналып жатқаны анықталды. Әкім аталған мәселені дереу шешу үшін дренаж жүйелерін қалыпқа келтіруді және тазарту жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.
Қасбеттер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасау:
Қала басшысы тұрғын үйлердің қасбеттеріндегі ақауларды жою, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін пандус пен лифт жүйесін ретке келтіруді міндеттеді. Бұл – инклюзивті орта қалыптастырудың нақты қадамы ретінде бағаланды.
Балалар ойын алаңшасы:
Қарашық көшесінде орналасқан ойын алаңшасының жағдайы сын көтермейтіні анықталды. Жақын күндері алаңша қалпына келтіріліп, төбесі жабылады. Сонымен қатар, сервистік компаниялар жұмысына қатысты тұрғындарға түсіндіру жұмыстары да ұйымдастырылады.
Жол және көлік инфрақұрылымы:
Дулыға батыр көшесінде жол жабындысының сапасы төмен екені тұрғындар тарапынан көтерілді. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, бұл көше он күн ішінде толық асфальтталады. Сонымен қатар, қоғамдық көлік бағыттары бойынша тұрғындар ұсыныстары жинақталып, жаңа маршруттар қарастырылуда.
Жангелдин көшесі:
Бұл көшеге демалыс орындықтары орнатылады, электр және интернет бағаналары жаңартылып, аяқ жол (тротуар) салу жұмыстары басталады. Учаскелік полиция қызметкерлеріне қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар жүктелді.
Бокина көшесі:
Мұнда тұрғын үйлердің сырты жөнделіп, көгалдандыру, ағаштарды санитарлық кесу, аулаларды абаттандыру жұмыстары қолға алынады. Сонымен қатар, жарық шамдарын жөндеу мен жаңасын орнату да қарастырылған.
Барлық мәселе – бақылауда:
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы әрбір тұрғын көтерген мәселеге салғырт қарауға жол берілмейтінін баса айтты. Тапсырмалардың уақытылы және сапалы орындалуын сала жетекшілері мен мердігер ұйымдар тұрақты түрде қадағалап отырады. Қажет болған жағдайда қала әкімдігі тарапынан қосымша мониторингтік топтар құрылып, жұмыс барысына бағалау жүргізілмек.
«Халық сенімі – біздің ең үлкен жауапкершілігіміз. Әрбір арыз бен өтінішке жай құжат ретінде емес, адам тағдыры ретінде қарауымыз керек. Қала тұрғындары көтерген барлық мәселе – менің жеке бақылауымда», – деді Әзімбек Пазылбекұлы.
Қала әкімінің тұрғындармен тікелей байланыс орнатып, көтерілген мәселелердің орындалу барысын өз көзімен тексеруі – жергілікті басқарудағы ашықтық пен есеп берушіліктің жарқын үлгісі. Мұндай жүйелі жұмыс түрлері қала тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартып, өзекті мәселелердің дер кезінде шешілуіне жол ашады.
Қала әкімдігі бұл бағыттағы жұмыстарды тұрақты түрде жалғастыра отырып, азаматтардың ұсыныстары мен өтініштерін назардан тыс қалдырмай, халықпен тиімді және нәтижелі кері байланыс орнатуды жалғастырады.
