Әзімбек Пазылбекұлы қала аумағындағы құрылыс нысандарын аралау барысында арнайы тарихи-мәдени нысандарда болды.
Сапар барысында ең алдымен Әлқожа Ата кесенесіне барды. Түркістан қаласында орналасқан бұл кесене «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің құрамына кіреді және 2022 жылдан бастап республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштер тізіміне енгізілген. Әлқожа Ата кесенесі — қала тұрғындары мен зияратшылар үшін ерекше рухани мәнге ие тарихи мұра болып табылады. Ол Түркістанның көне діни орталық ретіндегі маңызын көрсететін құнды жәдігер саналады.
Содан соң, XIX ғасырдың соңында салынған, жергілікті маңызы бар сәулет ескерткіші — Бала би мазарында болды. Мазар Қожа Ахмет Ясауи ілімін жалғастырушы, діни тұлға Бала биге арналған. Бұл нысан 1994 жылы «Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштер шежіресіне» №597 нөмірімен енгізіліп, мемлекет қорғауына алынған. Түркістан қаласының рухани келбетін қалыптастыруда мұндай мұралар маңызды орын алып, халықтың тарихи жады мен мәдени сабақтастығын сақтау ісінде ерекше рөл атқарады.
Одан соң қала басшысы республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіш — Гауһар ана кесенесінде болды. Гауһар ана — халық аңыздарына сәйкес, Қожа Ахмет Ясауидің қызы. Түркістандағы зиярат туризмінің дамуына зор үлес қосатын бұл нысан — рухани және мәдени тұрғыдан аса құнды ескерткіштердің бірі.
Тарихи нысандарды сақтау және дамыту — Түркістан қаласының рухани миссиясының ажырамас бөлігі. Әзімбек Пазылбекұлы сала басшыларына нысандардың дамыту жобасын әзәрлеп, күтіп-баптау, келушілерге қолайлы жағдай жасау бағытын тапсырды.