Қыркүйек айында Астана қаласында V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны дүркіреп өтті. Бұл жарысқа әлемнің 89-дан астам елінен спортшылар қатысты. Жалпыкомандалық есепте біздің ұлттық құрамамыз 43 алтын, 32 күміс және 37 қола медаль жеңіп алып, бірінші орынға ие болды.
Бұл естен кетпес , дүниежүзілік ойындарында жеңіске жетуге Шымкент спортшылары да өз үлесін қосты. Осыған орай қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жеңімпаздармен кездесіп, ұлттық құрама сапында лайықты өнер көрсеткен спортшыларды құттықтады . Арнайы сыйлықтар мен ақшалай сертификаттар табыстады.
Кездесу барысында әкім спорттың дамуына қосқан үлестері үшін қатысушыларға және жоғары нәтижеге жету жолында аянбай еңбек еткен жаттықтырушыларына алғысын білдірді. Әкім жаңа жетістікке жету жолында жан-жақты қолдауды жалғастыра беретінін жеткізді.
Айта кетейік, дүбірлі додаға Шымкенттен 18 спортшы 10 спорт түрі бойынша бақ сынап, құраманың қоржынына 7 алтын, 5 күміс және 4 қола медаль салды.
Биылғы Көшпенділер ойындарына Азия мен Еуропадан, Солтүстік және Оңтүстік Америкадан, Африкадан, сондай-ақ Австралиядан спортшылар келді. Дүбірлі доданың ашылу салтанатында қазақ жерін мекен ететін түрлі этнос өкілдерінің балалары көк байрағымызды алып шықты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
— Көшпенділер өркениеті дүниежүзі тарихында өшпес із қалдырған өркениет. Ұлы дала көшпенділері ежелден байтақ Еуразияны мекен еткен. Олар жаһандық даму үдерісіне түбегейлі өзгеріс әкелді, сол замандағы озық технологияның иесі болды. Көшпенділер бес мың жыл бұрын жылқыны қолға үйретті. Дүниені дүбірлеткен салт аттылар мәдениетін қалыптастырды. Қуатты қару-жарақ пен ғажайып зергерлік бұйымдар жасап шығарды. Сақ дәуірінің Алтын адамдары – соның айқын дәлелі.