Цифрлық технологиялардың дамуы қылмыстық әрекеттердің де күрделене түсуіне әсер етіп, интернет алаяқтары азаматтардың қаражаттарын жымқыру үшін жаңа амалдарды қолданып келеді. Қазірдің өзінде алаяқтар қылмыстық жолмен табылған қаражаттарды ел тұрғындарының банктік карталарына аударып, оны банкоматтардан шештіру, кейін электронды ақшаға айналдыру тәсілдерін қолдануда. Ал соңғы уақытта олар қаражатты тікелей халықаралық криптовалюта биржаларына (Binance, Bybit, OKX) аудартып, осы қаражатты шетелдік шоттарға шығарып алуға көшуі жиіледі.
Алаяқтардың әрекетін тоқтату және алдын алу мақсатында құқық қорғау органдары белсенді жұмыс атқаруда. Мәселен, аудандық құрылымдарға күнделікті алдын алу шараларын жүргізу тапсырылып, олардың нәтижесі қатаң бақылауға алынған. Сонымен қатар, 2024 жылдың 22 қазанынан бастап, «Шымкент реклама» ЖШС-мен бірлесіп, қаланың барлық LED экрандарында күніне 300 рет «Тоқта, интернет-алаяқтық!» тақырыбында бейнероликтер көрсетілуде.
Интернеттегі алаяқтардың мақсаты – заңсыз жолмен басқалардың ақшасы мен мүлкін ұрлау. Алаяқтықтың бұл түрі Интернет қызметтерін немесе оған қосылған бағдарламаларды пайдалану арқылы жүзеге асырылады. Интернет-алаяқтардың жымысқы әрекетінен әлемде қаншама адам қаржылық шығынға батып жатыр. Оған тосқауыл жоқ, десе де одан қорғанудың жолдары бар. Интернет-алаяқтық материалдық шығыннан бөлек моральдық шығынға да ұшыратады. Бұл алаяқтың кәсіби деңгейі мен тәжірибесіне байланысты.
Интернет-алаяқтық жаһандық мәселе айналып отыр. Ақпараттық сауаттылықты дамыту және сақтық шараларын қолдану арқылы ғана біз өзімізді және жеке деректерімізді алаяқтардың ықпалынан қорғай аламыз.
Әлеуметтік желілерде де ауқымды ақпараттық жұмыстар жүргізілуде: 600-ден астам ескерту суреті, 100-ден астам бейнеролик және 300-ден астам парақша жарияланды. Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарында 369 мақала жарық көріп, оның 12-сі республикалық басылымдарда жарияланған.
Дегенмен, интернет алаяқтары заман талабына сай әрекет етуді жалғастырып, азаматтардың ақшасын жымқырудың жаңа әдістерін ойлап табуда.
Құқық қорғау органдары алаяқтықтан сақтануға шақырады және азаматтарға күмәнді ұсыныстарға сақ болуды ескертеді!