• Вс. Ноя 24th, 2024
Популярные метки

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚТЫ СЕРІК ЕТКЕН

Автор:admin

Июл 5, 2022
Spread the love

Қоғамның басты күші ол – халық. Азаматтардың жұмыспен қамтылуы, бір-бірімен тығыз байланыс орнатуы елдің экономикалық әл-ауқатын арттыратын басты фактор. Сол азаматтардың ішінде халық үшін аянбай еңбек етіп жүрген аптал азаматтар баршылық. Солардың бірі ардагер ұстаз – Райымжан Қошқаров деп білеміз.

Ол – Түркістан қаласының тумасы. Болашағына үлкен үмітпен қарайтын азамат, өзі туып өскен қаладағы Макаренко атындағы жалпы орта мектепті тәмамдаған. Райымжан да сыныптастары секілді қаладағы кәсіптік-техникалық училищені ауыл шаруашылығы машиналары мамандығы бойынша бітіреді. Жастайынан білім алуға, білікті маман болуға ұмтылған ол – училищені тәмамдаған соң, Түркістандағы педагогикалық техникумның еңбек пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша оқып бітіреді. Содан білімін әрі қарай жетілдіру мақсатында Ташкенттегі Низами атындағы педагогикалық институтқа жалпы техника еңбегі мамандығы бойынша қабылданады. Райымжан Саттарұлының өмір жолындағы үлкен бетбұрыс осы болатын. Ташкенттегі оқуды тәмамдаған соң, Түркістанға қайта оралып, Қазақстан Халықтар Достығы университетіне тарих-география мамандығы бойынша оқуға түседі. Жалпы білікті маман болуды армандаған Райымжан өзінің саналы ғұмырын мұғалімдік жолға арнауға біржола бекінеді. Сөйтіп, 1989 жылдың күзінде Түркістандағы М.Әуезов атындағы мектепке еңбек, география-тарих пәндері бойынша мұғалімдік қызметке кіріседі. Ардагер ұстаз – бүгінде осы мектептің білімді, бәсекеге қабілетті шәкірттерін тәрбиелеуде өз үлесін қосып жүрген жандардың бірі.

Райымжан ұжымды ұйыстырып, балаларға тәлім-тәрбие беруден жалыққан емес. Оның азаматтығы мұқтаждарға, аз қамтылған отбасыларға қолдан келгенше көмек қолын созудан аянып қалмайтындығында. Мұқтаж жандарға азық-түлік, киім-кешек, дәрі-дәрмек үлестіріп, тіпті көмір түсіріп, үй салып 27 шаңыраққа пана болғанын көпшілік жақсы біледі. Ардагер ұстаздың осындай ізгі бастамалардың басы-қасында жүргеніне де 10 жылдан асыпты. Райымжан Қошқаровпен облыстағы кәсіпкерлер де тығыз байланыста. Сол үшін де Райымжанға мұңын шағып, көмек сұрайтын жандар аз емес. Ол 2018 жылы облыстық «Үлес» қоғамдық қайырымдылық қорын ашты. Әрине, басты мақсат – мұқтаж жандарға көмек қолын созу, халықтың жағдайын жақсартуға күш салу. Райымжанның азаматтығы бір төбе болса, ұстаздығы – өз алдына бөлек бір әңгіме. Себебі, ол осыдан тура 5 жыл бұрын талантты оқушылар үшін «Заковат» (Дарын) мектебінің негізін қалады. Осылайша ардагер ұстаз – өзі секілді жастайынан білімге ұмтылған жандарға жол ашып берді.

Иә, жыл сайын 300-ден астам оқушының мектепке қажеттіліктерін түгендеп отырған азаматқа қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Ол – Алматы қаласында өткен меценаттар форумында «Алтын жүрек» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Қазірде Түркістан облысы ақсақалдар алқасының белсенді мүшесі. Қайырлы да сауапты істері үшін – «Түркістан қаласының өнегелі азаматы», «Түркістан облысының құрметті ақсақалы» төсбелгілері, сонымен қатар еліміздің ертеңі өскелең ұрпақтың саналы да сапалы білім алуы үшін ұйымдастырылған жалпы республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық акциясына қосқан қомақты үлестері үшін қала әкімі Р.Аюповтың алғыс хаттарымен марапатталған. Сондай-ақ, Қазақстан Халқы Ассамблеясы құрамындағы Түркістан облысы өзбек этно-мәдени бірлестігі төрағасының Түркістан, Кентау, Созақ өңірлері бойынша орынбасары ретінде ел бірлігі, татулық пен ынтымақтастық жолында жастарды имандылыққа тәрбиелеу бағытында да атқарған жұмыстары үшін Қазақстан өзбектері этномәдени қоғамдық бірлестігінің «Дустлик», «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 25 жыл», «Ардагерлер қозғалысына қосқан үлесі мен көмегі үшін», «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің 40 жылдық мерекелік медальдарымен марапатталған.

Сонымен қатар, «Педагогика саласының үздік қызметкері» төсбелгісі, «Рухани жаңғыру» ақпараттық-сараптамалық орталығының Құрмет грамотасы мен І дәрежелі дипломы, Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасы облыстық әдістемелік орталығының мадақтамасы, Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасының сертификаттары, қалалық білім бөлімі мен облыстық басқарма тарапынан да алғыс хаттармен марапатталуы еткен еңбегінің жемісі деп айта аламыз. Әркез тың бастамалардың басы-қасында жүрген азаматтың арманы асқақ, мақсаты айқын. Тіпті, алдағы уақытта тұрғындарға арнап, 300-ге жуық аң-құс кездесетін зообақ ашу да жоспарында бар екенін айтып қалды. Әрине, ел игілігі жолында алға қойған бастамаларын бағалауға болады.

Райымжан Қошқаров – жұмыста білікті ұстаз, қоғамда – қайырымды жан, отбасында – туған туыстары мақтан тұтатын бақытты жан. Бүгінде ұстаздық жолда еңбек еткен жұбайы Мақсуда Юсубалықызымен бірге екі ұл, үш қыз тәрбиелеп өсіруде.

R-ақпарат

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика