Бүгін Қазығұрт аудандық мәдениет сарайында Медицина қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты шара өтті. Адам жанының арашашысы болып жүрген ақ халатты абзал жандарды кәсіби мерекелерімен құттықтау үшін аудан әкімі Азихан Исмаилов арнайы қатысып, жылы лебізін білдірді.
Салтанатты жиында аудан әкімі медицина саласында аянбай еңбек етіп жүрген дәрігерлер мен медбикелерге алғыс хаттар мен марапаттар табыстап, “Дәрігер — ең құрметті мамандықтардың бірі. Сіздердің ерен еңбектеріңіз, жанкешті қызметтеріңіз әрдайым жоғары бағаланады. Қоғамның саулығы сіздердің біліктіліктеріңіз бен жанашырлықтарыңызға тікелей байланысты. Баршаңызға мықты денсаулық, отбасы амандық тілеймін!” — деді.
Сонымен қатар, мереке қарсаңында медицина қызметкерлеріне аудандық мәслихаттың, «Аманат» партиясы Қазығұрт аудандық филиалының, аудандық орталық аурухана басшылығы мен кәсіподақ ұйымының Алғыс хаттары мен “Алтын дәрігер”, “Денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін”, “Мейірімді медбике”, “Медицина саласының үздік қызметкері” төсбелгілері тапсырылды.
Жиын барысында аудандық орталық аурухананың және ауылдық емдеу мекемелерінің үздік дәрігерлері мен медбикелері, кіші буын қызметкерлері де марапатқа ие болды.
Мерекелік шара барысында мәдениет сарайының өнерпаздары ән шырқап, жиылған жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар, шара барысында медицина қызметкерлеріне арнап арнайы бейнеролик көрсетіліп, олардың еңбегі ерекше атап өтілді.
Кәсіби мерекеде ақ халатты абзал жандарға зор құрмет көрсетіліп, олардың қоғамдағы орны мен еңбегінің маңыздылығы тағы бір мәрте айқын көрінді.