Бүгін мәдениет сарайында өнер сүйер жұртшылық үшін ерекше рухани кеш өтті. Қазығұрт ауданының мақтанышына айналған, сахна төрінде мың бұрала би билеп, талай халықаралық, республикалық және облыстық сайыстарда жүлделі орындардан көрініп жүрген «Наз» би ансамблінің 5 жылдығына арналған «Әр бала – жарық жұлдыз» атты мерекелік концерті өтті.
Шараға Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Медеуов арнайы қатысып, өнер өлкесінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып үлгерген шығармашылық ұжымды мерейлі мерекелерімен құттықтады. Сонымен қатар, «Өнер — ұлттың рухани байлығы. Ал сол өнерді дәріптеп, көркем дүниемен халықты сусындатып жүрген ұжымдар — біздің басты құндылығымыз. Ал,”Наз” би ансамблі — соның жарқын дәлелі», — деп, жетекшісі Жиенбек Феруза Салыбайқызына шығармашылық табыс тілеп, аудан әкімінің алғыс хатын табыстады.
Мерекелік кеш барысында «Наз» би ансамблінің мың бұралған өнерлі арулары қазақтың ұлттық биінен бастап, заманауи композицияларға дейін түрлі жанрдағы билерін тарту етіп, көрермендерді тәнті етті. Залда отырған көпшілік әрбір орындаудан кейін құрмет көрсетіп, бишілерге ыстық ықыласын білдірді.
Бес жыл ішінде талай белестерді бағындырған ансамбль бүгінде жас таланттарды тәрбиелейтін үлкен мектепке айналып отыр. Шығармашылық ұжымның жетістігі — жүйелі жұмыстың, тынымсыз еңбектің және өнерге деген адалдықтың айқын көрінісі.