• Пн. Ноя 25th, 2024
Популярные метки

ҚАЗАҚСТАН ЖАСӨСПІРІМДЕР ҚҰРАМАСЫ ЕКІНШІ ЖЫЛ ҚАТАРЫНАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНА ЖОЛДАМА АЛДЫ

Автор:admin

Май 26, 2024
Spread the love

Шымкент қаласындағы Beeline Arena ұлттық теннис орталығында 16 жасқа дейінгілер арасында өтіп жатқан Дэвис кубогы Азия – Тынық мұхит аймағы бойынша іріктеу турнирінде Қазақстан жасөспірімдер құрамасы финалдық бәсекеде жеңіліс тапты.
Ширек финалда Сергей Квактың шәкірттері әлемдегі үздік құрамалардың бірі, жасөспірімдер арасында Дэвис кубогының алты дүркін чемпионы Аустралия құрамасын 2:0 есебімен тізе бүктірді. Сондай-ақ, жартылай финалда Гонконг елінің теннисшілерімен кездесіп, 2:0 есебімен ойсырата ұтты.
Бүгін, Жапония құрама командасымен ақтық сында жолықты. Ауа-райының қолайсыздығына байланысты жарыс алдымен хард кортында өтіп, жұптық бәсеке грунт кортында жалғасын тапты. Драмаға толы ойынның жекелей кездесуі жалпы есепті қортындыла алмай, 1:1 есебімен тең тарқасты. Ал, тартысты өткен жұптық сында жерлестеріміз жеңісті қолдан беріп, 2:1 есебімен жеңіліс тапты. Осылайша Жапония елінің жас теннисшілері қатарынан екі дүркін әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде үздік көрінді.
Осылайша, Қазақстан жасөспірімдер құрамасы алдағы күзде 16 жасқа дейінгілер арасында Дэвис кубогының финалдық кезеңінде екінші жыл қатарынан бақ сынайды.
Айта кетерлік, Шымкент қаласында спорттық инфрақұрылымның дамуы тұрғындардың дене шынықтыру және бұқаралық спортпен айналысуына қолайлы жағдай туғызған. Ресми деректер соның нәтижесінде 2020 жылы Шымкент қаласында 324 690 адам спортпен шұғылданса, бүгінде бұл көрсеткіш 498 852-ге дейін артқанын көрсетіп отыр. Яғни, осыдан 3 жыл бұрын шымкенттіктердің 30,6 пайызы бұқаралық спортпен шұғылданса, бүгінде тұрғындардың 42,3 пайызы спорт және дене шынықтырумен тұрақты түрде айналысып келеді.
Соңғы жылдары, әсіресе, балалар мен жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылығын арттыруға басымдық берілуде. Шымкент қаласы әкімдігінің деректеріне сүйенсек, «АртСпорт» жобасының аясында мемлекеттік-спорттық тапсырыс арқылы 2021 жылы 103 спорт секциясына 12 474 бала жазылған болса, биыл 213 секцияда 16 790 бала спортпен айналысып жатыр.
Мемлекеттің спортты дамытуға бағытталған саясаты тек дене шынықтыру мен бұқаралық спорттың ғана емес, кәсіби спорттың да дамуына жол ашып отыр. Мәселен, өткен 3 жылдың ішінде шымкенттік спортшылардың арасынан барлық спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының – 1 796, Азияның – 154 және әлемнің 99 чемпионы шықты.
Шымкентте соңғы жылдары пайдалануға берілген нысандардың қатарында жаңа атшабар алаңын, рекострукциядан өткен «Металлург» және заманауи үстел теннисі орталығын атап айтуға болады. Оған қоса биыл жыл соңына дейін «SPORT LIFE» футбол орталығы мен №12 спорт мектебінің қосымша корпусы пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Сонымен қатар жергілікті биліктің алдында 2025 жылдан бастап Шымкентте жаңа футбол стадионын салу міндеті де тұр.
Осындай жұмыстардың нәтижесінде Шымкентте бұқаралық спортпен айналысатын тұрғындардың үлесі 2029 жылға дейін 50 пайызға, ал, 2035 жылға қарай 55 пайызға дейін жетеді деп жоспарланған. Сонымен қатар мемлекеттік-спорттық тапсырыстың аясында жұмыс істейтін секциялардың саны 2029 жылға 500-ге жетіп, онда 25 мыңнан астам бала спортпен шұғылданатын болады.
Осының барлығы Шымкентте спорт саласының дамуына жергілікті билік тарапынан баса назар аударылып отырғанын көрсетеді.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика