2025 жылғы шілде айында Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру саласындағы құқықтық мәселелерге арналған оқу-сабақ өткізілді. Сабақ Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Анықтау басқармасының тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылды.
Оқу процесіне Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің (ҚСжАЕАК) Шымкент қаласы бойынша департаментінің аға прокуроры Б. Нұрманов арнайы шақырылып, тергеу саласындағы тәжірибесімен бөлісті. Сабаққа Департаменттің анықтаушылары, аудандық ТЖ басқармаларының басшылық құрамы, сондай-ақ өрт сөндіру бөлімдерінің радиотелефонистері қатысты.
Сабақ барысында қатысушыларға Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімі (СДТБТ) автоматтандырылған жүйесінің функционалы кеңінен таныстырылды. Қызметкерлерге қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы арыздарды, хабарламаларды немесе баянаттарды қабылдау және тіркеу, сондай-ақ оларды СДТБТ-да рәсімдеу тәртібі бойынша практикалық көрсетілімдер жасалды. Бұл бағыттағы түсіндіру жұмыстары Қазақстан Республикасы Бас прокурорының 2014 жылғы 19 қыркүйектегі №89 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылды.
Сонымен қатар, сабақ барысында қылмыстық сот өндірісін электрондық форматта жүргізу тәртібі түсіндіріліп, «Электрондық қылмыстық іс» модулін пайдалану бойынша арнайы нұсқаулықтар берілді. Аталған модуль СДТБТ жүйесінің құрамдас бөлігі ретінде электрондық қылмыстық істерді әзірлеу, тіркеу, жолдау және мұрағаттауға арналған. Бұл бағыттағы дайындық жұмыстары Қазақстан Республикасы Бас прокурорының 2018 жылғы 3 қаңтардағы №2 бұйрығына негізделді.
Оқу барысында практикалық мысалдар негізінде:
— Электрондық қылмыстық істі ашу және тіркеу алгоритмі;
— Процессуалдық құжаттарды цифрлық форматта рәсімдеу әдістері;
— Электронды тергеу ісін сотқа жолдау үдерісі;
— Анықтаушылар мен радиотелефонистердің өзара іс-қимылы;
— Тергеу процесінде талдау мен есептілікті автоматты түрде жүргізу мүмкіндіктері пысықталды.
Бұл шараның басты мақсаты – қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру, электрондық тергеу жүйесін тиімді пайдалану және тергеу құжаттарының сапасын жақсарту болды. Сонымен қатар, СДТБТ жүйесін қолдану арқылы ведомствоаралық өзара іс-қимылды оңтайландыру, тергеу үдерісін жеделдету және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту мәселелері де талқыланды.
Шара соңында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, нақты жауаптар алды. Қызметкерлердің пікірінше, мұндай оқу форматтары тәжірибелік бағыттағы маңызды сұрақтарды тереңірек түсінуге мүмкіндік беріп, сотқа дейінгі тергеу барысында кездесетін күрделі құқықтық жағдайлардан шығу жолдарын меңгеруге жол ашады.
Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастырып, қызметкерлердің кәсіби деңгейін арттыруға, заманауи құқықтық технологияларды меңгеруге жүйелі түрде жағдай жасауды көздеп отыр.
