Су тасқыны — табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардың бірі. Ол нөсерлі жауын-шашын, өзендердің арнасынан асып кетуі, қардың күрт еруі немесе су қоймаларынан судың шығуы нәтижесінде орын алуы мүмкін. Шымкент қаласы көктемгі және күзгі мезгілдерде жауын-шашынның мол түсуінен су басу қаупі туындайтын аймақтардың қатарында. Сондықтан су тасқыны кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау — әр тұрғын үшін маңызды міндет.
Су тасқынының негізгі қауіптері:
— Адам өміріне тікелей қауіп төндіреді;
— Тұрғын үйлер мен инфрақұрылымдарға зақым келтіреді;
— Электр сымдарының үзілуі мен өрт қаупін арттырады;
— Азық-түлік пен ауыз судың жетіспеушілігін туғызуы мүмкін.
Су тасқыны қаупі туралы ескерту алған жағдайда не істеу керек?
— Ресми ақпарат көздеріне сеніңіз – ТЖ департаментінің, әкімдіктің хабарламаларын қадағалаңыз.
— Құжаттар мен бағалы заттарды су өтпейтін сөмкеге салып, дайын ұстаңыз.
— Қауіпсіз жерді алдын ала белгілеңіз – туыстар, мектеп, әкімдік бекіткен эвакуациялық пункттер.
— Электр құралдарын сөндіріңіз, газ құрылғыларын тоқтатыңыз.
— Балалар мен қарт адамдарды көшіруге дайын болыңыз.
Су тасқыны кезінде:
— Үйден шықпаңыз, егер қауіп төніп тұрса – эвакуация пунктіне барыңыз.
— Төменгі қабаттар мен жертөлелерден аулақ болыңыз.
— Электр сымдары мен судағы кез келген металл заттардан сақтаныңыз.
— Ағын судан өтпеңіз – 15-20 см тереңдіктегі су да адамды алып кетуі мүмкін.
Су басқаннан кейін:
— Құтқару қызметінің нұсқауынсыз үйге кірмеңіз.
— Су мен азық-түлікті тексеріп, ластанған жағдайда қолданбаңыз.
— Электр құралдарын бірден қоспаңыз – алдымен маман тексеруі қажет.
— Үй ішін желдетіп, залалсыздандыру жұмыстарын жүргізіңіз.
Шымкент қаласының әкімдігі мен Төтенше жағдайлар департаменті жыл сайын көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстарын жүргізіп, арықтар мен каналдарды тазарту, су бұру жүйелерін жаңарту, халыққа түсіндіру жұмыстарын күшейтуде. Дегенмен, кез келген жағдайға әр азаматтың жеке дайындығы мен сақтығы маңызды рөл атқарады.
Сақтансаң – сақтайды! Су тасқынының қаупін елемей, бейқам болу үлкен шығын мен адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан ақпаратқа құлақ асып, алдын ала дайын болайық.
