Студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, оған толыққанды жауаптарын алды. Қалалық сотта студенттерге мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасуға арналған семинар ұйымдастырылды, деп хабарлайды R-FACTOR.KZ ақпарат агенттігі.
Шымкент қалалық сотында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті заң факультетінің жоғары курс студенттеріне «Мемлекеттік қызметке орналасу» тақырыбында семинар өтті. Семинардан алдын студенттер қалалық сот ғимаратының Ақпарат орталығымен және сот отырысының залдарымен танысты. Сонымен қатар, ғимаратты аралау барысында жастар қалалық соттың мұражайында соттардың бұрынғы және кейінгі тарихы туралы жинақталған материалдармен танысып, өздеріне қажетті мағлұматтар алды. Семинар барысында Персоналды басқару бөлімінің (кадр қызметі) мамандары мемлекеттік қызметке кіру тәртібі бойынша қойылатын талаптар мен қажетті құжаттар, заңнаманы білуге және жеке қасиеттерін бағалауға тестілеуден өту, конкурс арқылы іріктеу туралы слайдтарды көрсету арқылы (презентация жасап), болашақ заңгерлерге түсіндірме жүргізді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жоғары оқу орнының үздік түлектері үлгерімі GPA 3,33 баллдан жоғары болған жағдайда, оқуды бітіргеннен кейін бір жыл ішінде конкурстан тыс «Б» корпусының белгілі бір мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына уәкілетті органмен немесе оның аумақтық бөлімшесімен келісу бойынша конкурссыз орналаса алатындығы түсіндірілді. Семинар соңында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, оған толыққанды жауаптарын алды. Бұған дейін Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің ұйымдастыруымен «Жеке тұлғалардың банкроттығының тәртібі» тақырыбында Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық Әкімшілік сотының және Азаматтық істер жөніндегі сотының судьялары Нұржан Таштенов пен Сауле Сакова қатысуымен семинар өткізілген болатын. Семинарға қатысушылар жеке тұлғалардың соттан тыс және сот банкроттығына қатысты дауларды қарау барысында туындайтын мәселелерді талқылап, өзара пікір алмасты.