Республика күні қарсаңында мемлекеттік бағдарлама аясында 304 отбасы қоныс тойын тойлады. Салтанатты кілт тапсыру рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, қуаныш иелерін құттықтады, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған R-FACTOR.KZ.
Ұлық мереке қарсаңында пайдалануға берілген Бозарық шағын ауданында орналасқан баспаналарды тұрғын үй кезегіндегі азаматтар Отбасы банк арқылы «2-10-20», «5-10-20» бағыттары бойынша несиелік негізде рәсімдеген. Жаңа қоныстанушылар арасында ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, толық емес және көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері бар.
Бүгінде 304 пәтерлік 8 көпқабатты тұрғын үйге конкурс жүргізілді. Қазіргі таңда азаматтармен сатып алу сату келісім шарты жасалуда. Бұдан бөлек, мемлекеттік бағдарлама аясында «Отбасы банк» АҚ арқылы 400 пәтерлік 10 көпқабатты тұрғын үйге конкурс өткізілуде.
Бүгінде мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар халқымыздың жайлы өмір сүруіне тікелей бағытталуда. Кредиттік тұрғын үйлердің қолжетімділігін арттыру және табысы аз азаматтарды ынталандыру мақсатында жергілікті бюджет есебінен 311 отбасы қайтарымсыз негіздегі әлеуметтік көмек ретінде тұрғын үй сертификаты арқылы несиелік баспанаға қол жеткізген болатын. Жыл соңына дейін тағы 4 мыңнан астам пәтер беру жоспарлануда.
Жалпы, бүгінде қалада 50 314 азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Өткен жылы 519 арендалық пәтер кезекте тұрған халықтың әлеуметтік осал тобы, көпбалалылар, жетім балаларға, мемлекеттік және бюджеттік ұйым қызметкерлеріне және 900 пәтер жұмыс істеп жүрген жастарға табысталды.
Айта кетейік, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін пәтерді жалдау шартының талаптары сақталуы міндетті. Бұл бойынша мониторинг жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп отырады.
Биылғы жылы 73 тұрғын үйден 207,6 мың шаршы метрді құрайтын 66 тұрғын үй құрылысы аяқталып, 2 670 пәтер баспанаға мұқтаж тұрғындарға табысталады. Ал, 31,3 мың шаршы метр құрайтын 260 пәтерлі Ақжайық шағынауданындағы 7 тұрғын үйдің құрылысы 2025 жылға өтпелі.
Сонымен қатар жастарға және халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған 1264 пәтер сатып алуға бюджеттен 22,7 млрд. теңге қарастырылған. Оның ішінде жұмыс істейтін жастарға 900 пәтерді және халықтың әлеуметтік осал топтарына 364 пәтерді нарықтан сатып алу жоспарланып отыр.