Мегаполис оқушылары үшін жазғы сауықтыру лагерінің кезекті маусымы басталды.
Жазғы сауықтыру лагері 14 – 26 маусым аралығында І ауысымға 300 бала демалуын бастады. Айта кетсек, қалалық ішкі істер бөлімінен екі қызметкер бөлініп, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында демалыс орнына дейін аман-есен жеткізу жүктелді.
Мектеп жанындағы алаңдардың жұмысы ағымдағы жылдың 27 мамырдан басталып, бірінші ауысымда 106 мыңға жуық бала демалыспен қамтылды. Екінші маусым ағымдағы жылдың 6 маусымында басталып, 83 500 бала мектеп жанындағы алаңдарда қазіргі таңда демалуда. Мектеп жанындағы алаңшаларда балалар түрлі үйірмелермен қамтылып, бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде.
Лагерь – балалардың уақытын тиімді әрі қызықты өткізудің тәсілі. Тек демалыс пен ойын-сауық қана емес, олардың дамуына ықпал ететін алаң. Табиғат аясындағы белсенді демалыс баланың физикалық денсаулығын жақсартады. Қаланың қарбаласынан алыстап, таза ауада демалу әл ауқатына айтарлықтай оң әсер береді. Жасөспірімдерде түрлі спорттық және мәдени іс-шараларға қатысып, жаңа дағдылар қалыптастыру мүмкіндігі бар. Ал қолөнер, сурет салу немесе музыка секілді шығармашылық жұмыстар жастардың қиялы мен ой-өрісін кеңейтеді. Балалардың жаңа ортамен танысып, командалық жұмысқа үйренуіне ықпал етеді. Бүгінде жазғы лагерьлер әлемнің түкпір түкпірінде кеңінен таралған.
Көптеген лагерьлердің басты мақсаты – білім беру, спорттық немесе мәдени дамуды қолға алу. Әсіресе, балаларға арналған жазғы лагерь адамдарға қауіпсіз және тәрбиелі ортада жаңа дағдыларды игеруге мүмкіндік беруі мүмкін. Жазғы лагерьдегі тәжірибе баланың дамуына тұрақты психологиялық әсер береді.
Баланың бос уақыты көп болатыны соншалық, анасы мен әкесі үнемі баланы қадағалауда ұстай алмайды. Ересектерде жазғы демалыс болмайтындықтан, әке де, ана да күндіз жұмысқа кетеді. Бала үйде жалғыз қалады. Осыған байланысты бала бос уақытында теледидар көреді, телефон қарайды. Бір сөзбен айтқанда ересек адам әдетте тыйым салатын заттарды жалғыз қалғанда істейді.