«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында «Киелі мекен» апталығы жалғасуда.
Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасына қарасты медицина ұйымдарының қызметкерлері игі бастаманы қолдап, көркейту-көгалдандыру жұмыстарына өз үлестерін қосты.
N2 қалалық аурухана қызметкерлері “Қасірет” мемориалы аумағына барып, абаттандыру жұмыстарын жүргізіп, қоқыстан тазалап шықты.
Сондай-ақ Т.Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығының қызметкерлері қаладағы Ж.Ташенов ескерткіш аумағында тазалау жұмыстары жүргізіп,қоқыстан тазартты.
№4 емхана қызметкерлері Shymqala этно-тарихи кешенінің аумағындағы қоқыстарды тазартып, көгалға күтіп-баптау жұмыстарын жүргізді. Тал-көшеттердің түбін әктеді.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» акциясы бүкіл еліміздің аумағында қолға алынған. Тазалық шаралары 11 мамырға дейін жалғасады.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен республика бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бес аптаға созылады. Әр аптаның өзіндік тақырыбы мен нақты мақсаты болмақ.
«Таза өлке». Бірінші аптада елді мекендердің тұрғындары, қоғам қайраткерлері, ұйымдардың қызметкерлері өз аумағындағы аулаларды тазалайды.
«Киелі мекен». Екінші апта тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыруға арналады.
«Жасыл аймақ». Үшінші аптада көшет отырғызу, ағаштарды әктеу жұмыстары жүргізіледі.
«Өнегелі ұрпақ». Акцияның төртінші аптасында ардагерлердің аулалары мен қарттар үйінің аумағын тазалау, абаттандыру көзделеді.
«Мөлдір бұлақ». Акцияның қорытынды, бесінші аптасында өзендер мен көлдер қоқыстан тазартылады.
Сонымен қатар, экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен халықтың табиғатқа деген сүйіспеншілігін ояту мақсатында алдағы уақытта өскеменде көшелер мен саябақтарды абаттандыру, көшеттер отырғызу көзделген.