• Ср. Апр 23rd, 2025
Популярные метки

ШЫМКЕНТ ЖАСТАРЫНА СЕРПІН БЕРГЕН САХНАЛЫҚ СЕРУЕН: ЖАҢА ТЕАТР, ҮЛКЕН ҮМІТ

Автор:admin

Апр 23, 2025
Spread the love

Бүгін, 23 сәуір күні Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, қала әкімдігінің ресми өкілі — Сәрсен Абайұлы Құранбек бұқаралық ақпарат құралдарына арнап брифинг өткізіп, Шымкент қалалық жастар театрының алдағы шығармашылық жоспарлары мен жаңа бастамалары туралы кеңінен мәлімет берді.
Брифингте айтылған маңызды жаңалықтардың бірі – қала әкімдігінің қолдауымен жастар театрына жаңа ғимараттың берілуі болды. Бұл тек физикалық кеңістік қана емес, жас сахнагерлердің кәсіби дамуына, шығармашылық еркіндікке жол ашуға мол мүмкіндік бермек.
Жиынға арнайы шақырылған мәртебелі қонақтардың қатарында Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Арман Жүдебаев пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Ахманов болды. Олар театр саласындағы тың серпілістерге оң баға беріп, білім мен тәжірибе алмасудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, брифингте Алматыдан келген Өнер академиясының «Театр өнері» факультетінің 4-курс студенттері жайлы да айтылды. Жиында олардың Шымкентке арнайы шақыртылып, тәжірибе алмасуға мүмкіндіктер қарастырылғандығы – театр мен білім беру саласындағы тиімді ынтымақтастықтың орын алғандығын айқындайды.
Осы сапардың шарықтау шегі ретінде дәл осы күні, 23 сәуір кешкі сағат 19:00-де Шымкенттегі Орыс драма театрының сахнасында Уильям Шекспирдің мәңгілік мұрасы – «Король Лир» трагедиясының премьерасы өтеді. Бұл – өнер академиясы студенттерінің алғашқы кәсіби қойылымы ретінде ұсынылып отырған тырнақалды туындысы. Жастардың батыл қадамы, классикалық драманы игеруге деген талпынысы мен сахнада өзін еркін сезінуі – олардың кәсіби болашағына үлкен сенім ұялатады. Осы тарихи сәтке қазақстандық театр өнерінің танымал тұлғалары – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Құрмет орденінің иегері Мұрат Ахманов және еңбек сіңірген қайраткер Хазима Нұғманова да куә болмақ.
Бүгінгі брифинг Шымкенттегі мәдени өмірдің тағы бір белесіне қадам басқанын көрсетті. Жастар театрының жаңа тынысы, өнер мен білім арасындағы алтын көпір – бұл қала болашағы үшін жасалған сенімді инвестиция екені сөзсіз.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика