Бүгін Абай ауданы әкімінің аппаратының ұйымдастыруымен Шымсити шағын ауданында “Таза Қазақстан” республикалық экологиялық акциясы аясында кең көлемді сенбілік өтті. Бұл шараның басты мақсаты – қоршаған ортаны ластанудан тазарту, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және табиғатқа деген жауапкершілікті арттыру.
Іс-шараға аудандық мекемелер мен ұйымдардың қызметкерлері, коммуналдық қызмет мамандары, сондай-ақ жергілікті белсенді тұрғындар қатысты. Жалпы саны 200-ге жуық адам жұмылдырылып, сенбілік жұмыстары ұжымдық әрі ұйымдасқан түрде жүргізілді.
Тазалық жұмыстарын тиімді жүргізу үшін 6 бірлік арнайы техника тартылып, нәтижесінде 30 тоннаға жуық тұрмыстық және құрылыс қалдықтары қала сыртына шығарылды. Сонымен қатар, жол жиектері, тротуарлар мен қоғамдық демалыс орындары шөптерден тазартылып, арамшөптер жойылды. Ағаштар мен гүлзарлар ретке келтіріліп, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары қолға алынды.
Сенбілік барысында қатысушылар қоршаған ортаның тазалығына өз үлестерін қосып қана қоймай, экологиялық тәрбие мен аумақты күтіп ұстаудың маңыздылығын насихаттады. Мұндай игі бастамалар аудан тұрғындарына оң әсер етіп, туған өлкені таза әрі жайлы етуге бағытталған бірлескен қадамдардың нақты көрінісі болып отыр.
Абай ауданы әкімдігі алдағы уақытта да “Таза Қазақстан” акциясы аясында бірқатар экологиялық іс-шаралар мен сенбіліктер өткізуді жоспарлап отыр. Тұрғындар белсенділігі мен бірлігінің арқасында бұл бастамалар өз нәтижесін береді деп күтілуде.