Форумның панельдік отырысында Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов баяндама жасады.
Қазір Қытай астанасы Бейжіңде Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен Қытай Халық Республикасындағы Қазақстанның туризм жылының ашылуы аясында форум өтіп жатыр. Іскерлік шара аясында еліміздің әрбір өңірі қытайлық туроператорларға, көрме ұйымдастырушыларына және кәсіпкерлеріне өзінің туристік әлеуеті мен инвестициялық мүмкіндіктерін ұсынады. Форумда Шымкент қаласының стенді ұлттық нақышта безендірілді. Қонақжайлық дәстүрі көрсетіліп, келушілерге қазақтың ұлттық тағамдары – қазы, бауырсақ, наурыз көже ұсынылды. Стендтің құрметті қонақтарының бірі Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев болды. Форумның панельдік отырысында Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов баяндама жасап, тарихи ескерткіштер мен көрікті жерлер, қолайлы климат пен қонақжайлылық сияқты мегаполистің туристік артықшылықтарын атап өтті. Инвестициялық әлеуетке келетін болсақ, қалада инвесторлар үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Сәуір-мамыр айларында Шымкентке Қытайдан туроператорлар делегациясы келіп, қаланың инфрақұрылымымен танысатын болады. Еске салайық, Қытайдағы Қазақстанның Туризм жылы деп Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылы Қытай Халық Республикасына ресми сапары барысында жарияланған болатын.
Еліміз көршілес мемлекеттермен тығыз ынтымақтастық орнатып, сауда-саттық, қауіпсіздік және басқа да өзекті мәселелер бойынша оңтайлы саясат жүргізіп келеді. Осы орайда елімізбен іргелес жатқан Қытай мемлекеті мен арадағы байланыстың маңызды екені анық көрінеді. Өйткені, әлемдік экономикадағы жетекші орынға ие бұл елмен орнатылған қарым-қатынас ерекше мәнге ие.