Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері мен ювеналды полицейлер №4 жалпы орта беру мектеп оқушыларымен «жастар арасында нашақорлық пен маскүнемдіктің алдын алу және жастарды спортқа баулу» тақырыбында жиын өткізді. Ондағы мақсат жастарға есірткі заттарының зияндығы мен кесірін ұғындыру, есірткі, психоактивті заттарға төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру, парасатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу болып табылады.
Кездесу барысында жасөспірімдер арасында нашақорлықтың алдын алу мәселелері жайында толыққанды мағлұмат берілді. Сонымен қатар, полицейлер оқушыларға есірткі тұтынудың қоғам өміріне төндіретін қаупі және есірткіге байланысты кез келген заңсыз әрекет үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғаны туралы түсіндірді.
Жаһандану қарқынды жүріп жатқан уақытта өмір сүріп жатырмыз. Ел болашағы-жастардың бойында отансүйгіштік пен еңбекке деген құрметті қалыптастыру, адамгершіліктің асыл қасиеттерін сіңіру, адам құқықтары мен бостандықтарын қадірлеу, ұлттық құндылықтарды дамытудың маңызы артып келеді. Өйткені әлеуметтік желілерден алынған, сүзгіден өтпеген ақпараттардың шамадан тыс көптігі өскелең ұрпаққа оң әсерімен қатар елеулі қауіп-қатер де төндіріп отырғаны жасырын емес. Сондай жағымсыз әдеттердің бірі — нашақорлық.
Нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес Президенттің сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарының бірі болып белгіленгені баршамызға белгілі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында есірткі қылмысын еліміздегі өзекті мәселелердің бірі ретінде атап өтіп, әсіресе оның жастар арасында белең алуына қарсы күрес жүргізуді күшейтуді тапсырды. Елімізде 2023-2025 жылдарға арналған есірткі бизнесіне қарсы күрестің ведомствоаралық ауқымды кешенді жоспары әзірленіп, бекітілді.
Сөз соңында жастар қызықтырған сұрақтарына жауап алып, өзара еркін пікір алмасып, ашық сұхбат құрды.