Шымкент қаласында Ұлттық бала асырап алу агенттігінің ұйымдастыруымен «Баланың бақытты мекені – Отбасы» тақырыбында маңызды дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Шымкент қаласы полиция департаменті Тұран ауданы полиция басқармасының Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Мұхтарқызы Айғаным, «Ұлттық бала асырап алу агенттігі» жобасының басшысы Рахметова Фарида, сондай-ақ денсаулық сақтау, әлеуметтік жұмыспен қамту басқармаларының, қорғаншылық органдарының өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдарының журналистері қатысты.
Іс-шараның басты мақсаты – Қазақстанда кәсіби қабылдаушы отбасы институтын енгізу жөніндегі заң жобасы туралы ақпарат беру, сондай-ақ осы саладағы өзекті мәселелер бойынша пікір алмасу болды. Қазіргі таңда бұл заң жобасы Мәжілістің жұмыс тобында қарастырылып жатыр.
Дөңгелек үстел барысында жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды орналастыру бойынша алдағы жаңалықтар талқыланды. Қатысушылар кәсіби қабылдаушы отбасы институтын әр қырынан қарап, бұл жүйенің тиімділігін арттыру жолдарын қарастырды. Отбасыларға төленетін ақы, ата-ананың жұмысы, сондай-ақ мүмкін болатын мәселелер кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, кәсіби қабылдаушы отбасыларды сүйемелдеу және баланың құқықтарын қорғау мәселелері қызу пікірталас тудырды.
Тәрбиешілердің қызметіне ай сайын 70 АЕК көлемінде ақы төленетін болады. Сонымен қатар мемлекет әр баланы асырауға 10 АЕК бөледі. Кәсіби қабылдаушы тәрбиешілер тоқсан сайын қорғаншылық және қамқоршылық органдарына балалардың денсаулық жағдайы, тәрбиелеу барысы, балаларды күтіп-бағуға бөлінген қаражаттың жұмсалуы, сондай-ақ олардың мүлкін басқару туралы есеп беруге міндетті болады.
Іс-шараның қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға кәсіби қабылдаушы отбасы институтының маңыздылығы мен оның қоғамдағы рөлін түсіндіру мақсатында егжей-тегжейлі баяндама ұсынылды.