Шымкент қаласының полиция департаменті музейінің меңгерушісі Гүлнәр Шалқарқызы экскурсия жасауға арнайы келген кезекті қонақтарды күтіп алды. Бұл жолы полицияның тарихымен танысуға Д.Қонаев атындағы мектептің 10 сынып оқушылары келді.
Экскурсия барысында білімгерлер департамент музейінің залдарын аралап, құнды жәдігерлермен танысты. Сонымен қатар, жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы Шарен Бекенов құқық қорғау органдарына жұмысқа орналасуды мақсат еткен жастарға полицейдің күнделікті жұмысы туралы айтып, бұл қызметке орналасудың талаптарын түсіндірді.
Қазіргі таңда, мұражайда 4 мыңнан астам экспонат сақталуда. Оның ішінде даңқты генералдар мен батыр полицейлердің өмірбаяндары, ордендері мен қол сағаттары, тіпті қызметтік формалары бар. Сондай-ақ, мұнда полицейлердің мотокөлігі және өткен ғасырдағы басшылар отырған үстел, майшамдар, қару-жарақ түрлеріне дейін әкелінген.
Айта кетейік, мұндай экскурсиялар балалардың бойындағы патриоттық сезімді оятуға зор үлес қосады.
Білім жүйесінде басты назар аударатын, тәрбие салаларының бірі – отансүйгіштік тәрбие. Ұлттық дәстүрге берік, елін, жерін сүйетін азамат тәрбиелеу, жастардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру өскелең өмір талабынан туындап отыр. Қазіргі таңда біздің қоғамда «қазақстандық отансүйгіштік» ұғымына зор мән берілуде.
Бүгінгі Қазақстанның тәуелсіздігінің нығаюы мен дамуының обьективті шарттарының бірі – ол осы қазақстандық патриотизм. Біздің ұғымымыздағы патриотизм көзсіз құштарлық емес, ата-баба қанымен бойға сіңген отанға, елге деген саналы әрі шынайы махаббат. Отансүйгіштік деген ұғым өзің жаралған топырақ пен өскен ортаға деген ізгі сезімді білдірмейді, аясы әлдеқайда кең ұғым. Елдік, бірлік, халықтық қасиет-қазыналарды қастерлеу мен ертеңге деген берік сенім сияқты сезімдерді оятатын да осы отансүйгіштік. Оның қоғам дамуында айырықша орын алатын құдіретті рухани факторға айналуының сыры да осында жатыр.
Жастарды өз Отанының азаматы ретінде тәрбиелеу белгілі бір әлеуметтік- мәдени ортада жүреді, онда оның адами құндылықтар жүйесі, көзқарасы, ақыл-ойы қалыптасады. Қазақстандық патриотизм қазақстандық ақыл ойдың немесе ұлттық дәстүрдің ажырамас бөлшегі болып табылады. Біздің республикамыздың жастарының ойы, ар-ұжданы, ғылым-білімі азат болуы керек. Қазақ жастарының бірінші міндеті – Қазақстан Республикасын мәңгі сақтау және қорғау болып табылады. Болмысы мен болашағының негізі осы жағдайға бағытталуы керек.