Бүгін шымкенттіктер ашаршылық пен саяси-қуғын сүргін құрбандарын еске алу күніне орай Шымкенттегі «Қасірет» мемориалына гүл шоқтарын қойып, халқымызға қарсы жасалған геноцид пен репрессия құрбандарын еске алып, олардың рухына тағзым етті.
ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін зобалаңы – халқымыздың тарихындағы қасіретті кезең. 1937-1938 жылдардағы қанды оқиға жаңғырығы мәңгі ел жадында. Талай жазықсыз жандар атылып, бейбіт отбасыларының оты өшіп, ана жесір, бала жетім қалды.
Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 14 сәуірде жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы ҚР Заңы қабылданды. Ал 1997 жылды Жалпыұлттық татулық пен саяси куғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы, сондай-ақ 31 мамыр – саяси саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп жариялады.
Сондай-ақ, саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен деп танылған, мүгедектігі бар немесе зейнеткер болып табылатын адамдардың бірінші кезекте:
— бас бостандығынан айыру орындарында ұсталған, жазасын өтеген, басқа елді мекемендерге жіберілген, арнайы елді мекендерде еркіндігі шектеліп, мәжбүрлі еңбекпен айналысқан және мәжбүрлеп психиатриялық мекемелерде емдеуде болған уақытының үш есе мөлшерде зейнетақы алу үшін қатысу өтіліне есептелуіне;
— оларға ыңғайлы уақытта кезекті еңбек демалысын алу, сондай-ақ жылына екі аптаға дейінгі мерзімге жалақысы сақталмайтын қосымша демалыс алу;
— телефондарды бірінші кезекте орнату;
— Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған интернат-үйлерге бірінші кезекте орналастыру, оларда толық мемлекеттік қамтамасыз етуде тұру;
— протездік-ортопедиялық бұйымдармен жеңілдікпен қамтамасыз ету;
— оңалтуға байланысты мәселелер бойынша адвокаттардан тегін кеңес алуға құқығы бар.
Өткен ғасырдағы ең қилы кезеңнің бірінде жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым ету – баршамыздың перзенттік борышымыз.