Шымкент қаласы полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының «CyberPol» тобының қызметкерлерімен Шымкент қаласы әкімдігінің Жастар ресурс орталығының қызметкерлері бірлесе отырып Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында жеке құрам арасында және студенттерге интернет-алаяқтыққа қатысты қылмыстардың алдын алуға бағытталған түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Аталған жиында қазіргі таңда белең алып бара жатқан интернет-алаяқтарынан сақтану кеңестері, сондай-ақ оның көбеюіне себепкер болған факторлары және де интернет-алаяқтық қылмыстарына қарсы іс-қимыл бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде де атап өтілді.
Интернет-алаяқтықтың ең көп таралған түрлері:
1. Вишинг (voice phishing) — телефондық алаяқтық. Мұндай жағдайларда арам пиғылды адамдар абоненттік нөмірді ауыстыру үшін көбінесе IP-телефонияны пайдаланады, өйткені өздері Қазақстанда тұрмауы мүмкін.
2. Е-mail-таратылым арқылы жүзеге асырылатын фишинг-алаяқтық.
3. Team Viewer, AnyDesk сияқты қашықтан басқару бағдарламасын орнату.
4. Дипфейктер — алаяқтықтың әлеуметтік инженерия мен жасанды интеллект — дауысты өзгерту технологиясын қолданатын жаңа түрі. Дипфейктердің көмегімен зиякестер банк шотына қол жеткізу, оны қолма-қол ақшаға айналдыру және жалған несиелер беру үшін біреудің бет әлпетін өз пайдасына жарата алады немесе ойдан шығара алады.
Мына бір қарапайым ережелер сіздің деректеріңізді қылмыскердің қақпанынан құтқаруға көмектеседі:
— ешкімге төлем картаңыздың деректемелерін (нөмірі, қолданылу мерзімі, CVV/CVC, ДСН-код) айтпаңыз;
– SMS-тегі кодтарды хабарламаңыз;
— біреудің өтініші бойынша мобильді банкингтегі телефон нөмірін өзгертпеңіз;
— егер сізге өз банкіңіздің байланыс орталығының нөміріне ұқсас телефон нөмірінен қоңырау шалып, дербес деректерді сұрап жатса, әңгімені доғарып, мобильді банкингке кіретін құпиясөздерді дереу өзгертіңіз;
— мобильді банкингтегі логин мен құпиясөзді ешкімге бермеңіз;
— мобильді банкинг үшін бірегей және күрделі құпиясөз ойластырыңыз;
— белгісіз адамдар жіберген хаттардағы сілтемелерге өтпеңіз;
— компьютерге және смартфонға вирусқа қарсы бағдарламаларды орнатып, оларды үнемі жаңартып отырыңыз;
— белгісіз, әсіресе ресми емес ресурстардан жүктелген бағдарламалар мен қосымшаларды орнатпаңыз;
— интернетке тегін кіруді ұсынатын қоғамдық орындарда
(мысалы, интернет-кафелер мен ойын клубтары) мобильді банкингті пайдаланбаңыз.