Шымкент жүрек орталығының дәрігерлері 76 жастағы қарияның жүрегіне жасанды жүрек аппаратын қолдану арқылы ашық ота жасап, аман алып қалды.
Адам өміріне аса маңызды жүрек қан тамырлары зақымдалған зейнеткер Бахадыр Исановқа құны 2 миллион 900 мың теңге тұратын күрделі ота МӘМС есебінен жасалған. Ақ желенділер мұндай ота түрлерімен жылына 500-ден астам науқастың өміріне араша болуда.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында ми қан тамырларының күрделі бұзылыстарында, жүрек ауруларын емдеуде күрделі ота жасауға қолжетімділік артқан. Қазіргі таңда қалада жоғары технологиялық медициналық көмек түрлерін ұсынатын 10 медициналық мекеме қызмет көрсетуде.
Соңғы жылдары жүрек ауруына шалдыққандар қатары көбейіп барады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистика мәліметіне сүйенсек, жыл сайын 18 миллионға жуық адам жүрек ауруынан қайтыс болады екен. Ертеректе бұл сырқат ересек адамдар да ғана кездессе, статистикалық мәліметтер дерттің жастар арасында да артып бара жатқаны байқатады.
Жалпы, адамның ағзасы көптеген үлкен мәселелердің алдын-алу үшін кішігірім белгілер беріп отырады екен. Бастысы ол белгілерді назардан тыс қалдырмау керек. Әсіресе егде жастағы қарттар, сондай-ақ артық салмағы бар, қант диабеті және гипертониямен ауыратындар немесе холестерині жоғары адамдар денсаулығына салғырт қарамаған жөн. Шыны керек көбіне жүрек ауырып сыр бергенде мән бермей жатамыз. Алайда, сіз байқай бермейтін жүрек ауруының 10 белгісінің тізімі төмендегідей:
1. Кеуденің ауырсынуы.
2. Тәбеттің жоғалуы, жүрек айнуы, асқазанның ауруы немесе ауырлық сезімі.
3. Тістердің немесе төменгі жақтың ауруы.
4. Қол мен аяқтың ауруы.
5. Тершеңдік.
6. Шаршау.
7. Естен тану немесе көздің қарауытуы.
8. Қатты қорылдау.
9. Себепсіз ентігу.
10. Ұзақ уақытқа созылған жөтел.