Бүгінде қала аумағындағы көшелердің шұңқырлары жамалып, күтіп ұстау жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған R-FACTOR.KZ.
Бригадалар бірінші кезекте көліктердің қауіпсіздігіне әсер ететін орталық магистрал және ішкі орам көшелеріне жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар жол қозғалысына қолайлы болу үшін жоспарланған 400 қалқымалы қақпақшаның жартысынан астамы орнатылды.
Бұл бағыттағы жұмыстар Еңбекші ауданындағы 60-тан астам көшеде атқарылды. Сондай-ақ Қаратау ауданындағы Қайтпас, Бозарық елдімекендерінде, Абай ауданындағы Достық, Самал-2,3 елдімекендерінде, Әл Фараби ауданы Сәуле елдімекенінде жалғасуда.
Осыған дейін Тұран ауданы Қызғұрт елдімекеніндегі 20-дан астам көше жөндеуден өтті. Олар: Оңдасынов, Жандарбеков, Мақталы, Отырар, Ақжар, Мамина-Сибиряка,Алтын сақа, Үсенов, Қожанова, т.б көшелері.
Алдағы уақытта жергілікті тұрғындардың өтініштері бойынша бұл жұмыстар жалғасатын болады.
Шымкент қаласы Еңбекші ауданында ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.Ауа-райының жауынды-шашынды, нөсерлі жаңбырлы мезгілдерінде аудан аумағында су басу қауіпі бар 57 мекен-жай анықталған болатын. Оның ішінде 2022 жылы 21 көшеге жалпы ұзындығы 7,3 шақырымды құрайтын ирригациялық арықтар орнатылды. 2023 жылға 13 көшеге 6,3 шақырым ирригациялық арықтар салуға 232,1 миллион теңге қаржы қаралып, қазір арықтарды орнату жұмыстары басталды. Қалған 23 көшеге ирригациялық арықтар орнату 2024-2025 жылдарға жоспарланған. Аудан аумағындағы су жиналатын орындар бақылауға алынған.Жалпы Шымкент қаласында көктемгі жауын-шашынның салдарынан су шаю қаупін алдын алу мақсатында қалада ирригациялық жүйелерді тазарту жұмыстары қарқынды жүргізіліп тұрады. Атап айтсақ, Сайрам тұрғын алабында орналасқан Ұлық, Ұлық-2, Қызылсу, Құралас, Ханка су арналарын қолмен тазалау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде осы су арналарынан күніне 45 куб, 10 күнде 450 куб тұрмыстық қалдықтар мен күл қоқыстар шығарылды. Айта кетейік, Шымкент қаласы аумағында жалпы саны 34 су арнасы 2 өзен бар. Соның ішінде қазір 3 су арнасының күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, аяқталуға жақын. Арнайы өлшем жүргізіліп, жерді құрылыс жұмыстарына дайындап, бетондалған арық жүйесі орнатылуда. Қазіргі таңда «Көк», «Сай ниже водопада» және «Чумчак» су арналарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда жұмыстардың 80%-ы орындалып, жыл соңына дейін толықтай аяқталмақ. Жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан Чумчак, Сай ниже водопада және Шапырашты су арналарына жауапты мердігер мекемеден 27 техника 50-ге жуық жұмысшы жұмылдырылды. Аталған су арналарының жөндеу жұмыстары аяқталған соң шаруаларға су беру маусымын бастау жоспарланып отыр. Мердігер мекеме басшылары 1 мамырға дейін жұмыстың 85 пайызы орындалатынын жеткізді.
Жауын-шашын кезінде мобильді топтар жұмылдырылып, арнайы техникалармен су тартылып отырады.