Қаланың имиджін арттыру арқылы туристердің санын көбейтудің бірден-бір жолы – туристік нысандарды жарнамалау. Шымкент қаласының туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының ұйымдастыруымен өткен 3 күндік іс-шараға Түркия, Ресей, Әзірбайжан, Латвия, Мысыр, Өзбекстан, Қырғызстан және еліміздің бірқатар өңірінен келген 30 travel-блогер қатысты.
Ақпараттық турға 50-ге жуық шетелдік және отандық travel-блогерлер, БАҚ өкілдері қатысып, қонақтар қаланың тарихи және тартымды орындарын тамашалады. Алдымен Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Үндістан, Германиядан келген қонақтар А.С.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханасында басқосып, оларға үшінші мегаполистің туристік әлеуеті туралы ақпарат беріліп, имидждік бейнеролик көрсетілді.
Олар Ибрагим ата, Қарашаш ана кесенелерін, Қошқар ата өзенін, Сейітжан Қари мешітін, Дендропарк пен Зоосаябақты және Цитадельді аралап, өз парақшаларында қаланың туристік нысандары туралы материалдар жариялады. Әрбір блогердің 30 мың 400 000 мың аралығында оқырманы бар. Оларға гастрономиялық дәстүрлі қазақ тағамдары, мұражайлар, креативті арт-кешендер мен саябақтар, өндірістік зауыттар таныстырылды.
– Сайрам тұрғын алабында қаншама сакралды орындар бар. Мұндағы тарихы терең, мән-мағынасы жоғары қасиетті орындарды көруге келетін туристердің саны артып келеді. Сондықтан оларға ақпараттық көмек керек. Осы мақсатта тұрғын алаптан «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығын аштық. Енді кез келген турист және қала тұрғындары орталықтан ақпарат алып, гидпен бірге экскурсияға шығуына болады, – деді «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының басшысы Ерлан Умаров.
– Бұл біздің Шымкентке бірінші келуіміз емес, — дейді ақпараттық турға қатысқан германиялық Аксель Монзе. – Шымкент – тарихы терең, мәдени жағынан алда келе жатқан көне қалалардың бірі. Қаладағы қай мейрамханаға кірсең де, дәмді астарымен күтіп алады. Ұлттық тағамдары ұнайды. Адамдары өте жылы шырайлы, құшақ жая қарсы алады. Еуропада күн бұлтты болғандықтан, осы жердің күн шуағы маған ұнады. Қазақстан, оның ішінде Шымкент жайлы көптеген ақпараттарға қанықтық, – деді Аксель Монзе.