Шымкент қаласының жастары үшін жағымды жаңалық — 2025–2026 оқу жылына арналған әкімдік гранттары қайта ұсынылып отыр. Мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында 285 грант орны бөлінген. Бұл бастама республикалық гранттар конкурсында жеңіске жете алмаған талапкерлерге жоғары оқу орнына түсуге екінші мүмкіндік береді.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, қалалық әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Абайұлы Құранбек Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында баяндады.
Бөлінген гранттар саны білім беру салалары бойынша былайша бөлінеді:
• Педагогикалық ғылымдар (6B01) – 20 орын
• Өнер және гуманитарлық ғылымдар (6В02) – 33 орын
• Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат (6B03) – 6 орын
• Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (6B06) – 40 орын
• Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары (6В07) – 105 орын
• Ауыл шаруашылығы және биоресурстар (6B08) – 68 орын
• Денсаулық сақтау (6B10) – 1 орын
• Қызмет көрсету (6В11) – 12 орын
Жоғары оқу орындары арасында 7–8 тамыз күндері конкурс өткізіледі. Оның нәтижесінде грант бөлінетін оқу орындары, білім беру бағдарламалары мен нақты грант орындарының саны бекітіледі. Комиссия шешімінен кейін талапкерлер тиісті құжаттарын қабылдау комиссиясына тапсырып, әкімдік гранттары байқауына қатыса алады. Жеңімпаздарға қалалық білім басқармасы арнайы грант иегері куәлігін тапсырады. Осы құжат негізінде ЖОО басшысы студентті оқуға қабылдау туралы бұйрық шығарады.
Айта кетейік, әкімдік гранты иегерлерінің тізімі жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.