Қазір кез келген қала сыртындағы күл-қоқыс төгетін орындарда жыл сайын тонналап тұрмыстық зат қалдықтары жиналып қалып жатады. Біз қызыға қарайтын әсем шаһарлардың да шалғайындағы жағдай әлгіндей. Тау-тау болып үйілген қоқыстар. Олардың қоршаған орта мен адамға тигізетін залал-зардаптары да аз емес. Жерде жатып бұзылған сол үйінділерден ауаға қаншама улы иіс тарайды, жан-жаққа ұшып түсіп, су мен топырақты бүлдіреді.
Мегаполис аумағында абаттандыру қағидалары мен инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру, күл қоқыс тастау жайттарын анықтау, қоғамдық орындар мен көшелерде тәртіпті сақтау мақсатында «Таза қала» сауықтыру іс-шарасы өткізілуде.
Профилактикалық іс-шара ағымдағы жылдың 15 маусымына дейін жалғасады.
Сонымен қатар, экологиялық акцияның алғашқы «Таза өлке» апталығында қала тұрғындары ерекше қолдау білдіріп, қоғам белсенділері, ерікті жастар, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері іргелес аумақтар мен белгіленген аулаларды тазалау, көгалдандыру, ағаштарды күтіп-баптау жұмыстарына белсене қатысты.
Акция аясында 380 арнайы техника, 49 мыңға жуық адам жұмылдырылды. Сонымен бірге, 282 шақырым көше бойы, 85 шақырым аяқ жолдары, 59 мың дана ағаштарды әктеу және қырқу жұмыстары жүргізілді.
Нәтижесінде қаладан 300 тонна шамасында қоқыс шығарылды. 355 шақырым ирригациялық жүйе, 95 аялдама жуылып, 1200 дана қоқыс жәшігі (урна), 285 дана орындық сырланды.
Қоқыс қалдықтарын кәдеге жарата алмай жатқан елдің бірі – біз. Оған бірнеше себеп бар. Біріншіден, қажетті технологияның тапшылығы, екіншіден, экологияға тигізер залалын толық сезіне алмау, үшіншіден, тұрғындардың жауапсыздығы.
Ел тұтынып жүрген бір реттік ыдыс, пакет пен қаптамалар, бөтелке мен резеңке заттар, тіпті медициналық бетперденің бәрі де – пластик. Қоқысқа тасталатын қалдықтардың дені осылар. Соған қарамастан халық әлі де осы бір зиянды затты пайдаланудан бас тарта алмай отыр. Мәліметтерге сенсек, адамдар күн сайын 500 миллиардқа дейін полиэтилен пакетін лақтырады, минут сайын 1 миллион пластик бөтелке сатып алады екен. Бұл – қажеттілікті өтеу болғанымен, келешек үшін қауіпті қадамның бірі.