Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спорт пен салауатты өмір салтының маңыздылығына тоқталып, саланы дамытуда жергілікті өзін-өзі басқару органдарына демеушілер мен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік әлеуетін тиімді пайдалану қажеттігін жеткізген болатын. Бұл ретте тұрғындардың да белсенділік танытуы маңызды. Ол үшін ең алдымен мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалуы керек.
Бүгінде Шымкентте дене шынықтыру мен бұқаралық спортты кеңінен насихаттауға ден қойылған. Қала тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасау мақсатында серуендеу алаңдары мен түрлі орталықтар пайдалануға берілуде. Саябақтар мен қоғамдық орындар да азаматтардың жаттығу жасап, дене шынықтыруына қолайлы жасалуда.
Жуырда қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің тапсырмасы бойынша жүгіру және веложолы бар жаңа серуендеу алаңы пайдалануға берілді. Жол бойында бірнеше жаттығу алаңдары салынған. Жоба бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асырылды. Қазір Нұрсәт шағынауданында, қала әкімдігінің жанындағы саябақта тағы бір жүгіру жолы салынуда.
Айта кетейік, Президент тапсырмасын жүзеге асыру аясында жыл басынан бері Шымкентте салауатты өмір салтын насихаттау және бұқаралық спортты дамыту мақсатында 97 спорттық іс-шара өткізіліп, оған 11 мыңнан астам адам қатысты. Қазіргі таңда мегаполисте 33 спорт ұйымында 74 спорт түрі дамып келеді.
Сонымен қатар, жыл соңына дейін «SPORT LIFE» шағын футбол орталығын және үш спорт залы бар «ЕЛАМАН» спорт кешенін пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Шымкент қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасына биыл 25 млрд теңге, ал былтырғы жылы 27 млрд теңге бөлінген. Республика бойынша шекті лимит көлемі 15 миллиардтан аспауы тиіс. Дегенмен қала әкімінің қолдауымен сандар 2 есеге ұлғайған. Бұл туралы Шымкент қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Маратбек Мықтыбеков кеңейтілген алқа мәжілісінде айтты.
«Жас ұрпақтың спорттық әлеуетіне назар аудару қажет: қаражат тапшылығы жағдайында кәсіби спорт клубтарын толығымен мемлекет есебінен қолдаудың мағынасы жоқ. Мемлекеттік және квазимемлекеттік компаниялар бюджетінен миллиардтаған қаражат тиімсіз жұмсалады. Бұқаралық спортқа, дене шынықтыруға және балаларға басымдық беру керек», — деді президент.
Қазақстанда кәсіби спорт мемлекеттік екі қаражат көзінен қаржыландырылады: республикалық бюджеттен ұлттық құрама командаларын ұстауға қаражат ҰОК-қа түседі, кәсіби клубтарды әкімдіктер қаржыландырады, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған R-FACTOR.KZ.