Ішкі істер министрлігі есірткі қылмысына қарсы күресті қарқынды жүргізіп келеді.
Шымкент қаласында есірткі жасырумен айналысқан бес жасөспірім ұсталды. Олар Түркістан облысының тұрғындары. Күдіктілер әр “закладка” үшін бір жарым мың теңгеден алған. Жағдайы жақсы отбасыдан шыққанына қарамастан, осындай қадамға барған. Ұстау барысында олардан “мефедронның” жүзден астам дозасы тәркіленді.
Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Соңғы аптада республика бойынша есірткі өткізудің 16 фактісі анықталды. Заңсыз айналымнан 10 кг синтетика тәркіленді. Есірткі қылмысы үшін қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталатынын, ескертеміз. Ата-аналарды балаларына мұқият болуға шақырамыз, – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Данияр Мейрхан.
Нашақорлық — қазіргі қоғамның қасіреті және ең өзекті проблемаларының бірі. Бұл болашағымызға балта шабатын қауіпті індет. Сондықтан да бұл бағыттағы шараларды көптеп өткізу күн тәртібіндегі маңызды істердің бірі екені даусыз. Келешек жастарды салауатты өмір салтын ұстанып, дұрыс жол таңдауға әрдайым ықпал ету бағытында осындай шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.
Еске саларлық, өткен жылдын маусымында Ұлттық Құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, жастар арасында белең алған басты мәселе нашақорлық жайында айтқан болатын.
“Мен тағы бір нәрсеге баса назар аударғым келеді. Бұл – нашақорлық. Бұл – ұлт саулығына зор қауіп төндіретін кесел. Есірткі жастардың жанын да, тәнін де улап жатыр. Біз есірткіні қолданудың, дайындаудың және таратудың жолын кесіп, тамырына балта шабуға тиіспіз. Әйтпесе, бүкіл еліміздің болашағы бұлыңғыр болады. Бұл мәселе мені қатты алаңдатады. Химиялық есірткілер нарықта кең ауқымда сатылуда. Криминалдық топтар жастарды осындай заңсыз әрекеттерге тартып жатыр.”- деді Қазақстан Республикасының Президенті.